Сұйытылған газды электронды сауда алаңында өткізу тәртібі 2023 жылы енгізілуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде Президенттің биылғы Жолдауына сәйкес Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауын жариялаған болатын.

Осы Жолдаудағы мінлеттерді орындау мақсатында «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленген.

Құжатты Мәжілісте бірінші оқылымда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жайылғанова оқыды.

«Заң жобасы Жалпыұлттық жоспардың 46-шы тармағына сәйкес, сұйылтылған мұнай-газ сауда-саттығының көлемін кезең-кезеңмен ұлғайту көзделген. Осы тапсырманы орындау үшін электронды сауда алаңдары арқылы сұйылтылған мұнай-газды өткізу үлесін кезең-кезеңмен арттыруға қатысты заңнамаға тиісті өзгертулер әзірленді. Коронавирус пандемиясының салдарына байланысты сұйылтылған мұнай-газ нарығында қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай-газды сатуды электронды сауда алаңдарына толық ауыстырудың 2021 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мерзімі оның бағасының күрт өсуіне әкеп соғады деп санайды», - деді Анар Жайылғанова.

Агенттік басшысының айтуынша ұсынылып отырған өзгертулерге сәйкес, сұйылтылған газды осы сауда алаңдары арқылы өткізу тәртібін 2020-2021 жылдың орнына 2023 жылдың соңына дейін ұзарту болжанып отыр.

«Себебі нарық бағасы бойынша сауда-саттыққа бірден көшу түпкі тұтынушылар үшін сұйытылған газ бағасының айтарлықтай өсуіне алып келуі мүмкін», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар