Суықтан зардап шеккен ташкенттіктерді құтқаруға ІІМ мен Ұлттық гврдия қосылды

None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Өзбекстан астанасында жалғасып жатқан аяз бен коммуналдық жүйелердегі күрделі проблемаларға байланысты ІІМ мен Ұлттық гвардия қызметкерлері суықтан зардап шеккен ташкенттіктерге көмек көрсетуге қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 16 қаңтарда халықты энергия ресурстарымен қамтамасыз ету бойынша кеңес өткізгеннен кейін мәселені шешуге елдің Қорғаныс министрлігі, ІІМ және Ұлттық гвардия жұмылдырылды.

Әр ауданда Ұлттық гвардия, ІІМ, ТЖМ жауапты қызметкерлері мен коммуналдық қызмет кәсіпорындарынан құралған штаб пен жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс топтарының міндетіне халықты электр энергиясымен, газбен, сумен және жылумен қамтамасыз ету жүйелерінің жұмыс сапасын тексеру; жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етудегі үзілістердің себептерін анықтау және азаматтардың өтініштерін зерттеу, анықталған кемшіліктерді жою кіреді.

Өзбекстанда 11 қаңтардан бастап республика бойынша ауа райы шамадан тыс суытты. Түнде 19-20 градусқа дейін, күндіз 17 градусқа дейін төмендеді. Осыған байланысты барлық елді мекендерде электр энергиясы мен газды тұтыну бірнеше есеге артып, бұл өз кезегінде электр қуатының жаппай үзілуіне, тұрғын үйлерде газ қысымының төмендеуіне әкелді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 16 қаңтарда энергия ресурстарымен қамтамасыз ету жөніндегі кеңейтілген кеңесте Өзбекстан президенті қысқа дайындықтың нашарлығы үшін бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктерді қызметінен босатты.

Дүйсенбіден бастап Қорғаныс министрлігі Ташкенттің барлық 11 ауданында халыққа ыстық тамақ пен шай тарататын әскери дала асханаларын орналастырды. Халыққа арналған мұндай орындар Ташкент, Наманған, Ферғана облыстарында да ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар