Суық су сананы сергітеді – қысы-жазы теңізге түсетін ақтаулық шымыр қыз

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Каспий теңізіне қысы-жазы шомылатын ақтаулықтар бар. Шымыр қыз Шұға Абдуллаева суық су денді шынықтырып қана қоймай, сананы да сергітетінін айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шұға Абдуллаева – Ақтау қаласының тұрғыны. Каспийдің жағасында өскен ол теңізде жүзгенді жақсы көреді. Салауатты өмір салтын ұстанады. 2020 жылдан бері суық суға түсуді әдетке айналдырған.

«2019 жылы ковидпен ауырдым. Жазылғаннан кейін теңіздің жылы кезінде ғана емес, суық кезінде де суға түсуді ойладым. Ағзаға стресс бермеу керек. Негізі, ми дайындалу керек. Дене мидың тапсырмасын орындайды. Алдын ала дайындалдым. Үйде контрасты душ қабылдап жүрдім. Ұнай бастады. Содан жаз бойы шомылып келіп, күз, қыста жалғастырып кеттім. Ешқандай қиындық тумады. Жалпы, сол пандемиядан кейін халықтың денсаулығына мән бере бастағанын байқадым. Өйткені, жағалауда серуендейтін, теңізге түсетін адамдар едәуір көбейді», - дейді ол.

Шымыр қыз суық суға түсудің әсері ерекше екенін айтады.

«Әсері өте керемет. Теңізге түскенге дейін басқа адамсың, түскеннен кейін басқасың. Келе жатқанда ұйқылы-ояу күйде боламыз. Ал, теңізге түсіп шыққаннан кейін көзің ашылғандай болады. Айнала әдемілене түседі. Табиғат, теңіздің түсі қанығырақ болып кетеді. Денсаулыққа да пайдасы зор. Иммунитетті жақсартады. Салқын суға шомылғалы тұмаумен ауырып көрген жоқпын», - дейді Шұға.

Суық суға түсу – қысқа мерзімді процедура. Адам бар-жоғы 1-2 минутқа ғана сүңгіп шығады. Шыққан кезде бойдағы күйзеліс те ұшты-күйлі жойылып, ағзада сыртқы күштерге қарсы тұратын иммунитет пайда болып, дене шынығады.

Каспий теңізі тұзды, сондықтан суы қатпайды. Тек жағаға жақын тұстары қаймақтанып, мұз пайда болады.

«Теңіз суының -1, -2 градус болып тұрғанда шомылғаным – ең салқыны. Одан да суығырақ болса жақсы еді. Өйткені, бұл температураға менің ағзам әбден үйреніп алған. Иммундық жүйем одан сайын жақсы жұмыс жасар ма еді?!» - дейді ол.

Қазір Шұға өзінің салауатты ұстанымдарын әлеуметтік желіде жариялап, суық суға түскісі келетіндерге кеңес беріп, үйретіп те жүр.

«Дәрігерге қаралып, психологиялық жағынан да дайындалып келгендерді үйретіп жүрмін. 1-2 рет шомылып, арықарай жалғастырып кетіп жатқандар көп. Жалпы, өмірде жетістікке жету үшін тәртіп керек. Ашығу, суық суға шомылу – бәрі де тәртіптің арқасында болады», - дейді шымыр қыз.

Салқын суға түсудің пайдасын дәрігерлер де жоққа шығармайды. Мұздай суға шомылу артық салмақтан арылтып, терінің серпімділігін арттырады. Шымырлар бұлшық ет пен буын ауруын сезінбейді, жедел жұқпалы ауруларды ұмытады. Бойда күш-қуат артып, ұйқы мен тәбетке де оң әсерін тигізеді.

«Теңізге суық кезде шомылу пайдалы. Остеохондроз ауруы бар, салмақ тастағысы келетін, жүйке мен иммундық жүйесін күшейткісі келетіндерге пайдасы зор. Ағзаны сергек қылады. Бірақ, тек қана дені сау адамдар суық суға шомылу керек. Жүрегі ауыратындар, тері аурулары бар азаматтар түспегені дұрыс», - дейді дәрігер невролог Ілияс Құлымбетов.

Ақтауда күн райына, жылдың мезгіліне қарамастан теңізге түсетіндердің қатары артып келеді. Олар 31 желтоқсанда жағалауға жиналып, биылғы жылды теңізде шығарып салуды жоспарлап отыр.



Соңғы жаңалықтар