Сүйінбайдың Ә.Қастеев салған суреті солтүстікқазақстандық мұражайдан табылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жетісу ақындарының алтын діңгегі, Жамбылдың пірі - Сүйінбай Аронұлының қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеев салған суреті Солтүстік Қазақстан облыстық мұражайынан табылды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті «Сирек сурет республикалық Өнер музейінде емес, облыстық мұражайда тұр» деген мақаласында жазған.

Көзі тірісінде қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі ретінде мойындалған Әбілхан Қастеевтің талантына бас имейтін жан кемде-кем. Ол Мәскеу қаласындағы Крупская атындағы көркемсурет студиясын­да оқып, Н.Хлудов, И.Бродский секілді білім­паздардан дәріс алған. Осылайша табиғи дарынын теориялық жағынан толықтырып, бейнелеу өнерінің қыр-сырын терең меңгеріп шыққан. Кескіндеме, графика жанрлары бойынша бір мыңнан астам көркем дүниелер қалдырып, өзіндік қолтаңбасымен дараланған. Оның Мемлекеттік өнер мұражайының алтын қорында сақтаулы Жамбыл Жабаев, Абай Құнанбаев, Амангелді Иманов, Шоқан Уәлиханов, Кенесары Қасымов секілді қазақ халқының біртуар ұлдары жайлы полотнолары шедеврлер галереясына қосылады. Осылардың арасында жүз жасаған Жамбыл: «Менің пірім - Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай», деп қанатты сөз арнаған, Мұхтар Әуезов: «Жетісу ақындарының алтын діңгегі», деп бағалаған, елдікті, ерлікті, бірлікті жырлап өткен атақты ақын Сүйінбай Аронұлының халықтық болмысын түпнұсқаға ұқсастырып бүгінгі шындықпен бедерлеуі әйгілі суретшінің эпикалық қарым-қабілетін айғақтаса керек.

Енді негізгі әңгімеге оралайық. Бізді қызық­тырғаны осы портреттің Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайында сақталуы болды. Оның келу «тарихын» мекеменің қызметкері Жібек Жүзенова айтып берді. - Қазақстанның халық суретшісінің ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі Амангелді Има­новтың портретін қалай салғаны жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Жұрттың есінде қалған батырды салу үшін Торғай елін бірнеше ай бойы аралап, деректер жинаған. Көзкөрген замандастарымен кездескен. Абайдың бейнесін кескіндегенде Шыңғыстауға бірнеше мәрте барған. Ол жайында биыл «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Қастеевтің беймәлім туындысы» мақаласында Семейдегі Абай мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева жақсы баяндаған. Сүйінбай Аронұлы сынды шешендігімен, жыршылығымен, қайраткерлігімен аты шық­қан айтулы жанның портретінің Қызылжар өңірінде сақталғанын солтүстікқазақстандықтар мақтаныш етеді. Мұнда Ә.Қастеевтің 5 кескіндеме және 3 графика туындылары қойылған. Жамбылдың ұстазының суреті 1972 жылы салынған. ХІХ ғасырда Жетісу өңірінде өмір сүрген ақынның фотосуреті болмағандықтан кескін-келбетін оның ұрпақтарының айтуымен айнытпай келтірген. Ол туралы суретші 1972 жылдың 23 маусымында «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Сүйінбайдың суреті» атты мақаласында: «Алатаудай ақиық ақынның сурет бейнесін жасаумен шұғылданғаныма, міне, жылдан асты. Ақынның өмірі мен творчествосына қатысты деректердің бәрімен түгелдей дерлік таныстым. Сүйінбайдың фотопортреті жоқ. Сондықтан бұдан 80 жыл бұрын өмір сүрген атақты адамның қас-қабағы, маңдайы, көзі, мұрын бітісі, ерін, жақ, иек, тағы басқа анатомиялық кескіндері қандай еді деген сұрақтарға жеке-жеке анкеталық анықтамалар алдын ала берілді. Содан соң олардың барлығы біртұтас күйге келтірілді», - деп шығармашылық лабораториясы жайлы ақпарат береді. Іздену кезінде немере қызы Үкіжан Сыпатаева мен аталасы Мырзабай Сатаевпен ақылдасқанын, ақынның бет-әлпеті, пішін-келбеті немере ұлы - Тоғызбай Малыбаевқа келетінін, оның да фотосуретін жан-жақты зерттегенін, өзге де туған-туыстарының кескін-келбетін назардан тыс қалдырмағанын, отбасылық ортақ белгілерін анықтағанын тілге тиек етеді. Қылқалам иесінің бастаған ісін қашан аяқтағанша жұмыс орнынан тұрмайтын әдеті болған. Соңғы нүктесі қойылып, бояуы кеппеген портретті ақынның туған-туыстарына көрсеткенде Үкіжан Сыпатаева: «Сүйінбайдың кескін-келбетіне дәл келеді. Мен осы бейнені Сүйінбай деп танимын», деп жылап жіберсе керек. Ақынның зор ізденіспен дүниеге келген түпнұсқалық портретінің облысымызда сақталуы абырой екені талассыз. Осындағы «Жоңғар таулары» (1965 ж.), «Сүдігер жырту» (1961ж.), «Жайлауда», «Колхоз қырманы», «Алматы өзенінің көрінісі» және «Натюрморт» (1961ж.), «А.Айтиленовтің портреті» (1951 ж.) атты картиналары да мұражайдың жауһарына айналған. Ж.Жүзенованың айтуына қарағанда, кеңес өкіметі тұсында облыстық бейнелеу өнері мұражайларының қорын Алматы мен Мәскеу қалаларының Суретшілер одағы жасақтап отырған. Сол кезде жергілікті мұражай Қазақ­стан­ның ғана емес, өзге елдердің де белгілі суретшілерінің туындыларымен толыққан. Бұл дәстүр еліміз егемендік алғанға дейін жалғасқан. «Сүйінбай» портреті және жоғарыда аты аталған картиналарды Петропавл қаласына өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақ КСР Сурет­шілер одағы және көркемөнер көрмелері басшылығы амалсыздан жіберген. Қаржының жетіспеушілігінен осындай қадамға барып, жер-жерлерге таратқан. Бұл суреттің тарихы мұнымен аяқталмайды. Тәуелсіздік салтанат құрғаннан кейін картинаның екінші тынысы ашылды десек, қателеспейміз. Көк байрағымыз желбіреп, Ұлттық валюта - теңгеміз айналымға шықты. 1993 жылы 15 қарашада айналымға шыққан теңгенің алғашқы нұсқасындағы 3 теңгеде Сүйінбайдың портреті бедерленген. Банкнот жасыл-сұр түсті. Оның оң жағында халық ақыны Сүйінбайдың портреті орналасқан. Бұл да болса, Ә.Қастеевтің қылқаламынан туған суреттің тарихи маңызын көрсетсе керек, - деді сөзінің соңында мұражай қызметкері.

Соңғы жаңалықтар