Сүйіктісінің жарты миллион теңгесін ұрлаған семейлік ұсталды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде азаматтық некедегі әйелінің 500 мың теңгесін ұрлаған 42 жастағы азамат  ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

43 жастағы қала тұрғыны қаладағы Әуезов полиция бөліміне үйінен  жинап жүрген қаражатының  жоғалғанын айтып арыз түсірген. Оның сөзіне қарағанда, қомақты қаражатын жатын бөлмесінде сақтаған.  

Жүргізілген шаралардың нәтижесінде Әуезов полиция бөлімінің қызметкерлері  іске қатысы бар деген күдікпен жапа шегушінің  42 жастағы сүйіктісін ұстады. Тергеу кезінде ол кінәсін мойындаған. Бұған дейін де істі болған азаматтан ұрланған ақша қайтып алынды. Әлі жаратып үлгермеген екен. Қазір аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188 бабы, 2-ші тармағы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Жедел іздестіру шараларына кіріскен полиция қызметкерлері ұрының үйге терезе арқылы кіргенін анықтады. Ал әрекетін үй иесі түнгі кезекшілікке кеткен уақытта іске асырған. Істі ашу үшін полицейлер әйелдің таныстары мен көршілерін  тергеді. Себебі, жатын бөлмеде қомақты қаржының сақталғанынан хабары бар адамның ұрлағаны белгілі болды»,-деді Семей қалалық ІІБ Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекшісі Елубек Оспанов. 

Соңғы жаңалықтар