Сүт өнімдері импорттық қаптамалар есебінен қымбаттады - Құмар Ақсақалов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа өңірде сүт өнімдері бағасының өсу себептері туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты өткен арнайы жиында Солтүстік Қазақстан облысында сүт өндірісін дамытуға мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп, бірнеше зауыт салынғанына қарамастан, бағаның тұрақсыз болып тұрғанын сынады.

«Сіздерге соңғы екі жылда сүт-тауарлы фермаларды салуға біраз ақша бөлдік. Сіз бізге бір жылда 10 ферма аштық деп баяндап беріп отырсыз. Ал қазір өңірде майдың, айран мен ірімшіктің бағасы өскен. Бұған не себеп?»

- деп сұрады Үкімет басшысы.

Облыс әкімінің айтуынша, өткен аптада сүт өнімдерінің баға индексі – 101,9 болған.

«Жыл басынан бері баға индексі - 110,7. Республикадағы орташа индекс – 112,4. Біздің индексіміз екінші орында. Осындай төмен индексті жыл аяғына дейін ұстап отыруға мүмкіндігіміз бар. Оны есептеп отырмыз. Соңғы 2 жыл ішінде сүт өнімдері бойынша республикадағы төмен бағалардың бірін ұстап отырмыз. Бірақ есепті аптада айранның бағасы – 14,3, сүзбе – 9,5, сары май 5,3 пайыз қымбаттады. Себебі, шетелден жеткізілетін жабын 76 пайыз, қаптама материалы 30 пайыз, жабдықтың қосалқы бөлшектері 50 пайыз қымбаттады. Мұның бәрі – импорттық зат. Бірақ бұл өсім жыл аяғына дейін болмайды. Қазір төмендетіп жатырмыз»

, - деді Құмар Ақсақалов.

Айта кетейік, Әлихан Смайылов аталған жиында өңір әкімдерінің азық-түлік бағасын жеткілікті бақылай алмай отырғанын сынға алды.



Соңғы жаңалықтар