Сүт құрамындағы табиғи майдың орнына арзан алмастырғыштар қосылғаны анықталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүкен сөрелеріндегі сүттердің құрамы тексеріліп, табиғи қоспалардың орнына арзан алмастырғыштар пайдаланылғаны анықталған. Бұл туралы «Ұлттық сараптама орталығының» баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша зерттелген 166 сынаманың 32-сі май-қышқыл құрамы бойынша «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні белгілі болды, яғни табиғи қоспалардың орнына алмастырғыштар қолданылған.

Бұл өнімдер зерттеуге халық тұтынатын тауарлар сапасының мониторингі негізінде түскен. Жалған өнімдер тізімінде Қырғызстан, Ресей және Қазақстанның сүт өнімдері бар, сәйкессіздіктердің 78%-ы отандық өнімге тиесілі.

Сары май, сүт және қаймақта талапқа сай келмеу дерегі басымырақ. Бұл өнімдердің таңбаларында табиғи қоспалар пайдаланылғандығы көрсетілгенмен, зерттеу барысында алмастырғыштар анықталды.

ҰСО басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, жалған өнім жасаудың ең көп таралған тәсілдерінің бірі – қымбат сүттің майын неғұрлым арзан өсімдік майларымен (пальма, соя және басқа да майлармен) немесе жануар майларымен (сиыр еті, шошқа еті, балық майы) ішінара не толық ауыстыру.

Сондай-ақ, Сәдуақас Байғабылов жасанды сүт өнімдерін мерзімді пайдалану А және Д дәрумендерінің жетіспеуіне әкеліп, бұл соңында ересектерде остеопороз, балаларда рахит тудыруы мүмкін екендігіне назар аударады. Әсіресе, балаларда аллергиялық реакциялардың барлық түрлерін тудыруы ықтимал.


Соңғы жаңалықтар