Сүт безі ісігінің алғашқы кезеңіндегі науқасты емдеу мемлекетке 120 мың теңгеге түседі - Қ.Нұрғазиев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сүт безі ісігінің алғашқы кезеңіндегі науқасты емдеу мемлекетке 120 мың теңгеге түседі, ал 4-ші кезеңде 28 млн теңге жұмсалады. Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-ында өтіп жатқан «Сүт безі қатерлі ісігінің жүйелі терапиясы» ғылыми-практикалық конференциясы барысында аталмыш институт директоры Қуаныш Нұрғазиев айтты.

Халықаралық жиынға әлемнің әр елінен 200-ге тарта делегат қатысуда. Олардың қатарында денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, онкологиялық диспансер қызметкерлері мен бас дәрігерлері, онкологтар мен маммологтар, химиотерапевтер, қалалық және облыстық онкодиспансер хирургтер елімізде сүт безі қатерлі ісігін емдеуде тиімді әдістер мен тәсілдерді енгізу мәселелерін талқылап жатыр. Мамандардың айтуынша, ДДСҰ-ның мәліметіне сәйкес, жыл сайын 1 млн аса әйел осы дертпен ауырады. Оған қоса, мамандар бұл аурудың жылдан-жылға «жасарып» келе жатқанын айтады. Ал Қазақстанда омырау қатерлі ісігі онкоаурулар арасында бірінші орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша үшінші орында тұр. «Қазақстанда ҚР Мемлекет басшысының қолданып отырған саясатының арқасында онкологиялық науқастарды емдеу, диагностика, сәуле емі, дәрі-дәрмек тегін әрі заманауи озық технологияларға сәйкес жүргізіледі. Елімізде жыл сайын 4 мың әйел аталған кеселге шалдығады. Бұл жерде әр әйел өз денсаулығына деген жауапкершілікті сезінуі керек. Егер ол уақытында дәрігерге қаралып отырса, өзінің де өмірін ұзартады. Алғашқы сатыдағы науқасты емдеуге мемлекет 120 мың теңге жұмсайды. Ал асқынған 4 сатыдағы науқасты емдеуге 28 млн теңге жұмсалады», - деді Қуаныш Нұрғазиев. Оның айтуынша, сүт безі қатерлі ісігі ауруының жылдан-жылға артуының себебі тек диагностикалық фактордың жақсарғанына ғана байланысты емес. «Қазіргі әйелдердің өмір сүру салты өзгерген. Бұрынғыдай көп жүктілік жоқ. Баланы буыны бекігенше емізбейді. Қаншама аборт жасалып жатыр. Бұл да сүт безі қатерлі ісігінің дамуының бір факторы», - деді Қ.Нұрғазиев. Айта кету керек, қазан айы бүкіләлемдік сүт безі қатерлі ісігімен күрес айы деп аталды. Аталған айлыққа байланысты әлемнің әр түкпірінде кеселге қарсы күреске қатысты түрлі шаралар өтіп жатыр. 1 қазаннан бастап Астанада «Бәйтерек» монументі, «Тұлпар» көпірі, Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы кешке қарай жарық арқылы күлгін түске боялады. Күлгін түс - қатерлі ісікке қарсы күрес қозғалысының символы. Осылайша отандық маммолог мамандар әйелдер мен қыздардың назарын қатерлі ісікпен күресуге, оның алдын алуға, дер кезінде емделуге шақыруды мақсат тұтып отыр. Бұл акция қазанның соңына дейін жалғасады. Мұндай акция Ресейде, Украинада да өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар