«Суррогат» сиырдың сыйы - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселе көтеріп жатыр? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

* * *

Күн таңбасы және пырақ - «Сарыарқа» газеті

null

Қарағанды облыстық архив қызметкері Темірғали Аршабековтың «Сарыарқа» газетіндегі мақаласында бабаларымыздың жартасқа сурет салу өнері туралы баяндалған. Онда автор көне заман суретшілері қалдырған мұраларының жалпы сипатын айты отырып, олардың әдістерін де талдайды.

«Теректі тауының петроглифтерінің біршама бөлігі жабайы жылқыларға арналған. Жануардың әр қимылына ерекше мән берілген: олар - бірде үйірімен жылқы көші, немесе айналма қозғалыс бейнесін де аша түседі. Осы жердегі көңіл аударатын тағы бір сурет, ол - жартас етегіне қарай орналасқан аспанға шаншыла ұмтылған қос пырақ бейнесі. Еліміздің елтаңбасына пырақ аттың бейнеленуінің бастауын нақ осы дәуірден алады десек те болады, Міне, «Мәңгілік Елдің» идеясының бастауы» деп түйіндейді автор тасқа қашалған көне суреттер туралы айта келе.

Мақалада сонымен қатар, петроглифтердегі ат, түйе секілді суреттердің ерекшелігіне де тоқталады. Осы негізде көшпелілер тұрмысында жылқының ерекше орын алатынын алға тартады.

«Көшпелінің санасында ат күн сипатты асыл зат болуымен қатар, дүниелікте серік, батырлық эпосының бізге жеткізгеніндей атты өзінің иесімен бірге көметін болған: «Күндіз менің қанатымсың, Өлсек көріміз де бір. Түнде - айырылмас дос, Тірі болсақ - тірлігіміз де бір».

Автордың пайымынша, атты жауынгер бейнеленген петроглифтер көне түркі дәуірінің тарихи құжаты мәніне ие болады. Бұл дәстүрдің тууы ғұн дәуірінен бастау алады.

ІІІ топтағы мүгедек әйел жылына мың аяқ киім тігеді- «Жетісу» газеті

null

«Жетісу» газеті Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылының тұрғыны Орынгүл Баратжан туралы жазыпты. ІІІ топтағы мүгедек етікші жылдың барлық мезгіліне арналған ер мен әйелдердің аяқ киімін тігеді екен.

Жазуынша, ол жолдасы екеуі бірігіп осы уақытқа дейін 8 адамға аяқ киім тігу техникасын үйреткен екен. Алдағы уақытта кәсібін үлкейтіп, шикізаттың барлығын өздері өндіріп, 30 адамды жұмыспен қамту ниеті бар. Күніне оннан астам тапсырыс түседі. 7 жылда 7000 аяқ киім тіккен. Бағалары да қол жетімді. Кәсіпкер тауар сапасына көп көңіл бөледі.

«Басында «әйел адам аяқ киім тігуші ме еді» деп барлығы күле қарайтын, алайда мен ешқашан мойыған емеспін. Бізден сатып алынған аяқ киім 5 жылға дейін киіс береді. 1 жылға дейін кепілдеме береміз. Тұтынушылардан бүгінге дейін шағым, не ескерту естіген жоқпыз», - дейді Орынгүл Баратжан.

Орынгүл Баратжан 4 баланың анасы, 3-топтағы мүгедек.

Мектептерде тіс емдейтін кабинет ашу қажет - «Шымкент келбеті» газеті

null

«Шымкент келбеті» газеті қазіргі күннің өзекті мәселесін көтеріпті. Бұл - балаларда тіс ауруының дендеуі. Мәліметтерге қарағанда, елімізде тіс жегісімен ауырған балалардың саны артып отыр. Мысалы республикада тіс жегісімен балалардың 76%-ы ауырса, ауыл-аймақтарда олардың үлесі 98%-ы жеткен. Мақалада «осы дерттің дендеуіне не себеп? Тістің құрттауы несімен қауіпті?» деген сауалдарға жауап бере отырып, мектептерде тіс емдейтін кабинеттердің болуы керектігі туралы мәселе көтереді.

Шындығында, тіс ауруына қатысты қазір шалғай ауылдардағы балалар жағдайы тым қиын. Олардың мектебінде не дәрігер жоқ, не жылжымалы стамотологтар бармайды ауылға. Соның салдарынан тіс ауруына шалдыққан балалар саны күрт артып келеді. Ал оның ұрпақ саулығына тигізер залалы да аз емес. Мақалада маман кеңесі де беріліпті. Онда балалар бұрынғыдай қатты алма, сәбізді (олар тісті қақтан тазартып, жақтың бұлшықетінің жұмысына пайдалы) көп жемейтіні, керісінше, құнарсыз жұмсақ тағамдарды жеуге бейім екендігі айтылыпты.

«Бүгінгі сау ұрпақ - ертеңгі ел қамын ойлайтын азамат. Бұл ұл-қыз тәрбелеп отырған әрбір ата-ана үшін маңызды болуы шарт. Себебі, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, қазір әлемдегі адамдардың жартысынан көбісі 30 жасында жасанды тіспен жүр»...

Амангелді мен Кейкіге ескерткіш қойылса игі еді - «Сыр бойы» газеті
null

Газетте «Даланың дарабоз батыры» атпен жарияланған мақалада негізінен Аманкелді батыр жайлы деректер беріліп, оның өлімінен соң қуғынға түскен Кейкі батыр туралы да жазылады.

«Биыл Аманкелдінің өмірден озғанына 100 жыл толып отыр. Елін езгіге қарсы көтеріліске бастаған Аманкелдінің өмірден өтуі жайлы түрлі әңгіме көп. Бір анығы - оның өлімі адам қолынан болғаны» деп жазады автор. Сонымен қатар, мақалада Кейкі мергеннің жасағы, оның ерлігі туралы айтылады. Жазуынша, 1923 жылдың көктемінде комиссар А.Токаревтің алдап шақырған сөзіне сеніп, Торғайға келгенде ойы харам екенін сезіп, оны кабинетінде атып кеткен. Кейіннен соңынан қалмай қуған әскердің қолына түсіп, олар мергеннің денесін бөлшектеп, басын кесіп алып бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып іліп қояды. Мақалада 2017 жылы Кейкі бабаның басы елге қайтарылып, туған жері Байтұмаға қайта жерленгеніне де мән беріледі.

«Торғай қаласының орталық алаңына Аманкелді мен Кейкіге арнап үлкен ескерткіш қойылса, нұр үстіне нұр болар еді. Атырау қаласында Исатай мен Махамбет қойылған ескерткіш сияқты болып жарасып тұрар еді».

Тауықты түгендеп, сиырға сырға тақтық. Ал тазы итінің тізімін жасауға не кедергі? - «Арай» газеті

null

Жамбыл облысында шығатын «Арай» жастар газетінде қазақ ерекше қастерлеген, жеті қазынаның бірі санаған құмай тазылар туралы жазылыпты. Бұл ретте автор ертеректе «Аттың жақсысы - бозы, иттің жақсысы - тазы» деп қастерленген құмай тазылардың құрып кетуге аз қалғанын айтып, дабыл көтереді.

«ХІХ ғасырдағы орыс ғалымы А.Добромыслевтің жазбаларына сүйенсек, қазақ жерінде 160 мыңдай тазы ит болған екен. Қазіргі таңда солардың 500-ге жетер жетпесі ғана қалған. Ал қазақтың нағыз құмай тазысы 200-ге жуықтайтын көрінеді. Бұл әрине болжамды байламдар. Десе де, тазы итінің тұқымы сирегені жасырын емес. Оған дәлел, бүгінде шаруаға жақын шалғай ауылдардың өзінде тазы ит ұстайтындар некен-саяқ. Сонда бұған не себеп? Құмай тазыға деген қызығушылықтың жоғалуы ма? Әлде ит төресінің орнын өзге тұқымдастардың басып кеткені ме?».

Мақалада жоғарыдағы сұраққа жауап іздеген журналист маманмен тілдесіп, мән-жайды біледі. Құмай тазыны тізімге алып, қамқорлық жасау қажеттігіне қанығады. Тазының ішінде де таза тұқымдарының азайып бара жатқанын алға тартады. Мәселен, келтірілген деректерге қарағанда Мерке ауданындағы 87 тазыны тексерген сарапшылар олардың тек 13-і ғана таза тазы ит деген қорытынды беріпті. Сонымен қатар, қазақтың құмай тазысын патенттеу туралы да сөз қозғалады.

«Бірер жыл бұрын арабтар тазы итін патенттеуге таласқан екен. Ал былтырдан бастап құмай тазымызға орыстар «құда» түсіп жатыр. Олардың айтуынша, тазының алғашқы тұқымы Ресей жерінде шыққан көрінеді-міс. Орыстардың артынан өзбектер, қырғыздар мен түріктер де иелік ете қалды. Барлығы тазының туған Отанын иемденбекші. Алайда қай тарихи дерекке қарасаңыз да, құмай тазылар ең алғаш қазақ даласында жүгіргенін аңғаруға болады. Ертедегі батыр бабаларымыз да тазы итін жанына серік еткен. Осындай мол тарихымыз бола тұра, тазы итінің түп-төркінін қалай ғана біреуге телиміз?» депті сұхбатта маман.

Мақалада тазыларға қатысты көзқарасты түбегейлі өзгерту туралы мәселе көтеріледі. Тазыға немқұрайдылықпен қарауға болмайтыны айтылады. Айтпақшы, санақ демекші, тазы иттерінің санағын нақтылау үшін федерация бүркітшілер жарысына құмай тазыларын қоса ертіп келу туралы талап қойған екен. Алайда құсбегілер тазы ит түгілі бүркіттің өзін пойызда әрең алып жүргендерін айтып, қарсы болыпты.

«Көкшетаудан келе жатқан бүркітшілерді жолсерік тазы иттері үшін пойыздан түсіріп кетіпті. Мұндай жағдайды біз де бастан кешіргенбіз. Жалпы бүркіттердің өзінің толық құжаты болса да көптеген жолсеріктер пойызға отырғызбайды. Амал жоқ, купеден қосымша тағы бір орын алып жатамыз. Рас, қыранды торға салып, пойызда алып жүруге болады. Бірақ, торда отырған құс ертең жарыста аңға түспей қояды. Дәл сондай қамаққа байланған тазы иттер де аламанда жүгірмейді. Осындай қиындықтардан кейін ит жүгірту спортын дамытуға қатысты ешқандай бастама көтере алмай отырмыз, - деді «Құсбегілік және тазы иттер» федерациясының басшысы»

«Суррогат» сиырдың сыйы - «Сарыарқа самалы» газеті

null

Соңғы кездері етті, сүтті деп шетелден сиыр тасу сәнге айналғандай. Тіпті бұған қазынадан қыруар қаржы бөлініп, шаруаларға субсидия ретінде үйлестіріліп те жүр. Сондай сүтті, етті мал басын неге өзімізде өсірмеске? Осы мәселені «Сарыарқа самалы» газеті көтерген екен. Мақалада жазылғанындай, жоғарыдағы мәселені ескерген бір топ ғалым тың технологияны қолға алып, Павлодар облысы аумағындағы ірі шаруашылықтарда қолдана бастапты. Алғашқы төлдерді алып та үлгерген екен. Атап айтқанда, эмбриондарды трансплантациялау арқылы жеті бұзау туған. Олардың салмағы 60 келіге дейін жетеді. Тіпті, «суррогатты» сиырлардың бірі егіз бұзау туған екен. Бұл - сирек кездесетін жағдай екен. Наурыз айында тағы 400 эмбрион отырғызылып, жыл соңына дейін 200 бұзау алу көзделген.

«Соңғы уақытта елімізге ірі қара малды шетелден әкелу жағдайы жиілеп кетті. Кейбірі біздің климатқа шыдас бермесе, енді бірінен аурулар анықталып жатыр. Сондықтан, өзіміздегі сиыр басын көбейту керек деген байламға келіп, ғылыми жобаны қолға алдық. Бұл оңай емес. Мәселен, «суррогатты» сиырдың салмағы 380 келіден кем болмауы тиіс. Бүгінде шаруашылықтар жылына, нақтысын айтқанда сауын жүретін 305 күнде бір сиырдан 3 мың литрге жетер-жетпес сүт алады. Еуропада бұл көрсеткіш 10-11 мың литрді құрайды. Бізде де осындай көлемдегі сүт алуға болады, - дейді агротехнологиялық факультет деканының орынбасары, PhD доктор Талғат Сейтеуов.

Айта кетерлігі, өңірде бұл жобаға сұраныс бар секілді. Алайда, донор және «суррогатты» сиыр болуға лайық ірі қара мал табу қиындау көрінеді.

Өскемен өз батырларын өгейсітпесін - «Дидар» газеті

null

«Бесігі төрге шықпаған үйден батыр да шықпайды» дейді қазақ. Солаймыз-ау десең, Алтай тарихында атойлап өткен баһадүр көп. Олай емес десең, батыр бабаларымыздың бәрі саяжай жағалаған бүгінгі ұрпақтарымен бірге қаланың қалтарыс аудандарында қиыр жайлап, шет қонып жүр. Қабанбайдың Қубас атын құрыш қыранға айырбастап, жауға қырғидай тиген Жақыпбек Малдыбаев пен ізінде ізгіліктің нұры қалған Ізғұтты Айтықовтың Киров пен Ушановтан қай жері кем? Партизан Қасымды да «қарауыл Қайсенов» етіп қойдық» деп жазады «Дидар» газеті.

Мақала негізінен Өскеменде әлі күнге дейін сіресіп тұрған бір кездегі «советтік тұлғалар» мен әлі күнге құрметті орнына қойылмай тұрған қазақтың қайсар-қаһармандарына арналған ескерткіштер турасында болып отыр. Автор жазғанындай, «этноауылға кіріп барсаңыз, қойдай көгенделген қалың Ленин, Қасым Қайсенов саябағына бас сұқсаңыз, мысыңды басардай Киров тұр. Ал көлік ағыны ең көп алаңды Ушанов жеке дара иемденіп алған». Рухыңды көтерер жалғыз Қабанбай батыр ескерткіші болса, ол да шашылған шөлмек пен қалалықтар қалдырған қалдықтың кесірінен қадірі кеткендей екен. Бұл ретте автор : «Атына мініп айбар боп тұрған сырттағы Қабанбайдан жер-жерден жиналған іштегі қалың Лениндер бақытты ма дейсің тіпті. Өйткені, олардың басына құс та саңғытпай, әке зиратындай әлпештеп ұстайтын көнекөз музей қызметкерлері бар» дегенді алға тартады.

Сосын өз атындағы саябағына «кіре алмай қапталда құса боп тұрған» қайсар Қасымның ескерткіші, қуысқа апарып қапсырылған батыр Ізғұттыға арналған ескерткіштер жайы айтылады. Ал Өскеменде қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаевтың ескерткіші бар екенін кім біледі? Сүйтсек, ол да қалтарыста қалып қойыпты.

«Айналдырған 10 жылдың ішінде вандалдардан жапа жеккен Жақыпбек батыр туралы үш мақала жазылыпты «Дидарда». Қазаққа қан құстырған Ермакты ығыстырып, Аблакет ауданынан орын тепкен тұңғыш ұшқышымыз талайдың «ұйқысын ұрласа» керек. Ақыры күзет қойып жүріп, бұзық ниеттілер айылын жиған. Басынан әңгіртаяқ кеткенмен, жағдайы жетісіп тұр деуге әлі де келмейді. Олақ әйелдің құрған термесіндей айқыш-ұйқыш шатысқан электр сымдарының астында, қосалқы стансаның жанында қалқайып қана тұр. Басына келіп біреу ішімдік ішіпті де, шөлмегін қарға қадай салыпты. Интернационализмді ту етіп, Халхин-Гол соғысына қатысқан ұшқыш дүрдараздықтың ермегіне айналғандай»...

Соңғы жаңалықтар