Сурдлимпиада чемпионының бапкері сотта Мәдениет министрлігін жеңді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана соты Мәдениет және спорт министрлігін 2022 жылғы Сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы Еркебұлан Қанафиннің бапкері С.Дмитриенкоға сыйақы төлеуді міндеттеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты С.Дмитриенконың Мәдениет және спорт минстрлігінің ақшалай ынталандыру төлемін төлеуден бас тартуын заңсыз деп тану және оны төлеуді міндеттеу туралы шағымы қаралды.

Айта кетерлігі, Е.Дмитриенко – 2022 жылдың 5 мамырында Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарында чемпион атанған Еркебұлан Қанафиннің бірінші және жеке бапкері. Ол 2022 жылдың қыркүйегінде Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне, одан кейін министрлікке жүгініп, шәкіртінің жеңіске жетуіне орай өзіне тиесілі ақшалай ынталандырудың төленуін сұраған. Алайда, мемлекеттік органдар Е.Қанафиннің жеңісін мойындамайтындықтарын және Г.Дмитриенко аккредиттелген спорт федерациясынан тыс өздігінен өкілетті органға жүгіне алмайтындығын алға тартып, өтінішін орындаудан бас тартқан.

Бапкердің пайымынша, Е.Қанафиннің жеңісін Халқаралық саңыраулар спорт комитеті мойындап отыр. Демек, ол чемпионның бірінші әрі жеке бапкері ретінде ақшалай ынталандыру төлемін алуы тиіс. Сонымен қатар Қазақстанда сурдо дзюдодан аккредиттелген спорт федерациясы жоқ. Осыған орай бапкер өкілетті органнан тиесілі төлемді беруді өзі сұрап жүгінген.

«Әкімшілік сот бапкердің талабын қанағаттандырды. Оған С.Дмитриенконың спортшы Е.Қанафинді сурдо дзюдо жарыстарына дайындағаны, ұзақ жылдық жұмысы мен бапкерлігі еңбек кітапшасымен дәлелденгені себеп болды. Сонымен қатар талап етушінің шәкірті Е.Қанафин халықаралық деңгейде мойындалған сурдо дзюдо чемпионы саналады. Оның құлағы естімейтіндігін Алматыда және жарыс алдында Бразилияда өткен аудиограммалар дәлелдейді. Елімізде чемпионнның бапкеріне ақшалай ынталандыру төлемін төлеуге өтініше беретін сурдо дзюдодан аккредиттелген спорт федерациясы жоқ. Сондықтан С.Дмитриенконың өздігінен өкілетті органға жүгінуі дұрыс.

Шешім заңды күшіне енген жоқ», - делінген әкімшілік сот таратқан мәліметте.

Бұған дейін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен 2022 жылғы Сурдлимпиада чемпионы Еркебұлан Қанафин арасындағы дауға қатысты шешім шығарғанын жазған едік.

Ашық көздерден алынған фото


Соңғы жаңалықтар