Сүр еттен әзірленген Наурыз көженің дәмі тіл үйреді - ақмолалық әжелер

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Наурыз мейрамы – Түркі халықтары үшін жаңа жылдың бастауы. Бұл күні жайылатын мерекелік дастарханды Наурыз көжесіз елестету мүмкін емес. Халық арасында Наурыз көжені тойып ішкен адам жыл бойы тоқшылықта болады деген сенім бар.

Бұл тағамның жеті түрлі дəмнен əзірленетінін бəріміз жақсы білеміз. Алайда, Қазақстанның жер-жерінде оның жасалу әдісі мен ерекшеліктері бар. Осы ретте, ҚазАқпарат тілшісі мереке қарсаңында көпті көрген, тірліктегі тəжірибесі мол, көжесі бал татыған ақмолалық əжелерді сөзге тартып, Наурыз көжені дайындау əдісін сұрап білген еді.

«Ақмола облыстық мұсылман əйелдер лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рауза Бәйкенова Наурыз көжені ертеден әзірлеп келеді.

«Мен ата-əжемнің бауырында өскен едім. Содан болар, қазақы тəрбие қаныма сіңген. «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» дегенді үлкендерден жиі еститінмін. Мен көжені пісіруді əжемнен үйренгем. Облыстық мұсылман əйелдер лигасына жетекшілік еткеннен бері жыл сайын əжелер қосылып көже қайнатып, оны Наурыз думанын тойлауға орталыққа жиналған қауымға үлестіріп келеміз. Негізі, құрамына жеті өнімнен де көп тағам қосуға болады. Алдымен сүр етті пісіреміз. Басқа ыдысқа сорпаға қосатын жармаларды бөлек-бөлек пісіріп аламыз. Жармалардың əртүрінен қосамыз. Мысалы күріш, тары, арпа, қарақұмық, кейде бұршақ та қосамын. Содан кейін сүр етті, өрікті ұсақтап турап, мейіз бен жармаларды бірге барлығын ет піскен сорпаға құртты езіп араластырамыз. Көже дайын болғаннан кейін қаймақ қосамыз. Жалпы, əрбір адамның өзіндік дайындау тəсілі болады. Өз білгеніммен бөлісіп жатырмын. Ондағы ойым өскелең ұрпақ ой түйсін, үйренсін дегенім ғой», - дейді Рауза апа.

Ал, Атбасар ауданындағы Есенгелді ауылында тұратын көпбалалы ана, еңбек ардагері Әсима Жүсіпова Наурыз көжені анасынан үйренгенін айтты.

«Мен Наурыз көжені пісіруді анамнан үйренгем. Анам май сақтаған қарынды тазалап жуып, көженің түбіне салатын. Бұл ежелден келе жатқан көне əдіс. Қарынға тұз əбден сіңгендіктен де көжеге ерекше дəм береді. Сонымен қатар, аннам соғымнан Наурыз көжеге деп бөлек ет сақтайтын. Себебі, сүрленген ет Наурыз көженің дəмін тіл үйірердей ететінін айтып отыратын. Ақсыз Наурыз көже болған ба, міндетті түрде айран құямын. Көженің татымына қарай тұз саламын. Соңғы кездері тары қосып жүрмін. Наурыз көжем дəмді болып шығады. Қазіргі таңда өзімде, қыздарыма, келіндеріме Наурыз көжені дайындауды үйретіп жүрмін. Бұл біздің ата-бабаларымыздан ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық тағамы. Оны келешек ұрпақ ұмытпай білуі тиіс»,- дейді Әсима апа.

Көкшетау қаласының тұрғыны Күләш Қожахметова да сүр еттен әзірленген Наурыз көженің дәмі тіл үйретінін айтады.

«Мен осы Көкшетауда туып өстім. Бізде Наурыз көжені дайындағанда міндетті түрде жылқының сүр етін қосады. Сүр еттің сорпасына дайындалған көженің дəмі тіпті ерекше болады. Бір айта кетерлігі, жылқының етін шірігінен қайын ағашының түтінімен ыстайды. Ал, көженің құрамына келетін болсақ, сүрленген етті пісіріп, сүзіп аласыз. Арпаны салып, қайнағаннан кейін, тары, күріш қосу керек. Дәміне қарай тұз салып, кейін мейіз қосасыз. 15-20 минут қайнағаннан кейін сүзбені саласыз. Осылайша жеті түрлі тағамнан қазақтың ұлттық көжесін жыл сайын дайындаймыз»,- дейді Күліш апа.

Наурыз көжені халық арасында «тілеу көже», «көп көже» деп те атайды. Наурыз көжеге, Наурызға арналып сойылған малдың кəделі асына наурыз бата берілген соң, жиналған халық: «Ақ мол болсын!» деген тілек айтып тарқасады. Бізде Наурыз көжесі бал татыған əжелеріміз аман болсын деп тіледік!


Соңғы жаңалықтар