«СуперЦОН», 1 сағатта жәрдемақы алу, 5G интернет – Цифрлық даму министрлігінің алқасында не айтылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. ҚазАқпарат агенттігі жиында талқыланған ең басты өзгерістерге шолу ұсынады.

5G ұялы байланысын орнату басталады

Бүгінде Қазақстан БҰҰ электронды үкіметтің дамуы индексі бойынша 28-орында тұр және цифрлық қызметтер бойынша субиндексте – 8 орында. Елімізде 40 мемлекеттік қызмет проактивті форматта көрсетіледі, 15 мемлекеттік қызмет Kaspi, Halyk, Freedom сияқты сыртқы платформаларға шығарылған.

Қазақстанда 6 290 ауылдық елді мекен бар, оның 4 858-і кең жолақты мобильді интернетке қосылған. 3G орнына 4-ші буынды байланыспен қамту жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ технологиялық тұрғыда ескірген ADSL жоғары жылдамдықты технологияға ауыстырылады.

Сондай-ақ, 20 қалада 5G ұялы байланысын орнату жұмыстары басталады. Бұл жұмыс «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүргізіледі.

Фото: aa.com.tr

«Жобаның мақсаты – халық пен бизнесті 100 Мбит/секундтан кем болмайтын жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету. Ұлттық жобаның басты іс-шараларының бірі – 3 мың елді мекенге дейін оптика талшығын жүргізу. Яғни, мектептер, ауруханалар мен әкімдіктер сияқты әкімшілік ғимараттар туралы ғана емес, ең алдымен нақты үйлерді жоғары жылдамдықты интернетке қосу туралы айтып отырмыз», - деді министр Бағдат Мусин министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Цифрлық даму министрлігі Дүниежүзілік цифрландыру банкімен бірлесіп, интернетке қосуға, шағын және орта операторларды субсидиялауға арнайы гранттар береді.

Астанада «суперЦОН» ашылады

«Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мемлекеттік қызмет көрсетуінің клиенттік тәжірибесі негізінде біз тұрғындардың ХҚО-дан қызмет алған соң БЖЗҚ, коммуналдық кәсіпорындар, әкімдік сияқты басқа да инстанциялардың табалдырығын тоздыратынын түсіндік. Сондықтан азаматтардың барлық мәселесі бір жерде шешілуі үшін осы ұйымдардың барлығын бір ғимаратқа шоғырландырғымыз келеді», - деді министр.

Қазіргі уақытта министрлік Астана әкімдігімен және Президент Әкімшілігі басшылығымен азаматтарға жайлы әрі сапалы қызмет көрсету үшін біртұтас кеңістік, яғни суперХҚО ашуға уағдаластық жүргізген.

Сонымен бірге, халыққа қызмет көрсету орталықтарын жаңғырту жұмысы қолға алынған. Биыл 50 орталық жаңартылады. Ауылдық «Қазпошта» бөлімшелерінде қызмет көрсетуді ұйымдастырылады. Яғни, 1900-дан астам ауылдың тұрғындары қалаға шықпай-ақ, өз ауылында орналасқан «Қазпошта» филиалынан мемлекеттік қызметтерді алады. Бұл – кем дегенде 4 млн-нан астам ауыл адамына қолайлы мемлекеттік қызмет көрсетіледі деген сөз.

Оған қоса, ХҚО қызметкерлерінің жұмысын жақсарту мақсатында жасанды интеллект қолданатын дауысты виртуалды робот іске қосылады. Ол колл-орталық мәселелерін реттеуге көмектеседі.

Декреттік жәрдемақы алу мерзімі бір сағатқа дейін қысқарады

«Бізге «Invisible Government» тұжырымдамасы аясында тұрғындармен және бизнеспен өзара әрекеттесетін цифрлық инфрақұрылым құру міндеті қойылды. Адам өмірінің әрбір кезеңінде – туған сәтте, балалық шақта, жоғары оқу орнына түскенде, отбасын құрғанда мемлекетпен өзара іс-қимыл жасайды. Сондықтан біздің стратегиялық міндетіміз – әрбір өмірлік кезеңдегі әрбір жағдайды талдау, тұрғындарға барлық процесті қалыпты, түсінікті және ыңғайлы ету. Ол үшін фокус-топтар жиналып, нақты мемлекеттік органдар, цифрлық вице-министрлер тартылатын болады», - деді Бағдат Мусин.

Фото: Getty Images

Оның айтуынша, бизнес-процестерді қайта қарағаннан кейін оларды барынша проактивті қызметтерге көшіру жоспарлануда.

«Мысал ретінде өмірге бала әкелуді айтайын. Бұл процестегі негізгі проблемалар – кеңес алу үшін қайда бару керектігі, қалай тіркелу және босануға дейінгі жәрдемақыны алу туралы түсінік жоқ. Бұл мәселелер 50 адамнан тұратын фокус-топта анықталды, оның құрамында жүкті және босанған аналар болды. Түсініксіз процестер көп, ал ананың базалық қажеттіліктерін қанағаттандыру керек. Сондықтан туу туралы куәлікті алу және жәрдемақыны автоматтандыру ғана емес, басқа да процестер жүріп жатыр. Мысалы, босануға дейінгі төлемді алу үшін 15 күн кетеді. Биыл оны бір сағатқа дейін қысқартамыз», - деді министр.

Сонымен бірге, жас босанған аналардың тағы бір мәселесі – патронаттық медбикені шақыру болған.

«Ережеге сәйкес, қамқоршы медбике үш күнде келуі керек, бірақ кей жағдайда медбикелер кешігеді немесе мүлдем келмейді. Сондықтан, біз де бұл процестерді автоматтандырамыз, осылайша кімнің барғанын, кімге бару керектігін және басқаларын көруге болады», - деп түсіндірді Б. Мусин.

«eDensaulyq» емделуді жеңілдетеді

«Президент денсаулық сақтау саласындағы шашыраңқы жүйелерді ретке келтіруді тапсырды. Мұнда біз дәрігерлер мен пациенттердің бірқатар өзекті мәселесін шешіп жатырмыз. EHealth жаңа архитектурасы дәрігерлердің әртүрлі жүйелерде жұмыс істеу мәселесін шешеді, ал тұрғындарға – медициналық ұйымдарға жүгінген барлық жазбалар қолжетімді болады», - деді Бағдат Мусин.

Сондай-ақ, биыл eGovMobile мобильді қосымшасында «eDensaulyq» жаңа сервисі пайда болды. Бұл азаматтардың донорлық мәртебесі, электронды рецепт, жүкті әйелдерді есепке алу, ауруханаға жатқызу және басқалары бойынша ақпарат жинақталған.

«Бұл арқылы азаматтар медициналық деректер мен онлайн қызметтеріне жылдам қол жеткізеді. Жақын арада қағазбастылықтан, науқас парағы мен анықтама алу үшін медициналық ұйымдарға барудан бас тартамыз. Болашақта бұл қызмет кеңейтіліп, барлық қажетті мәліметтермен толықтырылады», - деді Бағдат Мусин.

SMS арқылы жеке мүлікті тіркеуге болады

«Бұрын біз үшін жылжымайтын мүлікті тіркеу - басты мақсат еді. Мұнда өзіңіз білетіндей жақсы нәтижелер бар. Яғни, келісімшартты және жеке мүлікті тіркеу - бәрі онлайн. Бірақ кейін азамат көшу тірлігіне өткенде, әсіресе коммуналдық кәсіпорындармен қарым-қатынаста бірқатар қиындыққа ұшырайды екен. Мысалы, коммуналдық шоттар бұрынғы үй иесінің атына келеді. Осы бағытта тиісті жұмыс жүргіздік», - деді Бағдат Мусин министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Министрдің айтуынша, қазір бұл процесс электронды түрде, SMS арқылы ретке келтіріледі.

«Мысалы, Алматы, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында коммуналды төлем шотын онлайн өзгертуге, онлайн келісім бекітуге болады. Кепіл шарттарды тіркеуді ХҚО, банк пмен нотариусқа бармай-ақ, ұсыну мерзімін 3 күннен 15 минутқа дейін қысқарттық. Сондай-ақ, азаматтар үшін құрылыс компанияларынан тікелей жылжымайтын мүлікті онлайн сатып алу мүмкіндігін қарастырдық. Өткен жылы арнайы платформада 8 мыңнан астам сатып алу шарты рәсімделді», - деді Бағдат Мусин.

Төтенше жағдай кезінде де интернеті өшпейтін ұйымдардың тізімі жасалады

«Қаңтар оқиғалары ТЖ кезінде байланыс желілерінің жұмысын тоқтатпауы тиіс екенін көрсетті. Бірқатар өмірлік маңызды объектілер, мемлекеттік және жеке ұйымдар интернет желісіне үздіксіз қосылып тұруға тиіс. Яғни, экономика жұмыс істеуі керек», - деді Бағдат Мусин министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Сондықтан министрлік деректерді беру желілерінің статикалық мекенжайының тізімін жасау және жүргізу қағидаларын бекіткен.

«Бұл ТЖ кезінде интернетке үздіксіз қол жеткізе алатын ұйымдардың тізімін жасауға мүмкіндік береді», - деді Бағдат Мусин.

Қазақстанда ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені ашылады

Алқа отырысында «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ төрағасы Айдын Айымбетов ұйымның соңғы жылдардағы жетістіктерін айтып берді.

«Ұлттық компания ғарыш саласында 17 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді және Жерді қашықтан зондтаудың және жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесінің ұлттық операторы болып саналады. Жерді қашықтан зондтаудың ғарыштық жүйесі құрылды және сәтті пайдаланылып жатыр. Ұлттық ғарыш орталығы базасында жердегі ғарыштық инфрақұрылым құрылды, оның аумағындағы басқару орталықтарынан үш ғарыш аппаратын (KazEOSat1; KazEOSat2; KazSTSat) басқарады және түсірілімдерді жоспарлау және клиенттердің тапсырыстары өңделеді», - деді Айдын Айымбетов.

Фото: ru.wikipedia.org

Оның айтуынша, ұйым Қазақстан Республикасының аумағын қашықтан зондтау арқылы тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары үшін геопорталдар құрылған және пайдалануға берілген.

Сондай-ақ, жақын арада ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені өнеркәсіптік пайдалануға беріледі.


Соңғы жаңалықтар