Суоми еліне сапар: 500 теңгелік нан, тар көшелер, қытайлық студенттер...

None
None
ХЕЛЬСИНКИ. ҚазАқпарат - Еуропаның солтүстігінде орналасқан Финляндия туралы не білеміз? Экономикалық тұрғыдан дамыған, өмір сүру сапасы жоғары ел санатына жататын Суоми елінің халқы неліктен үнемшіл? Фин жерінен Қазақстан Президентінің сапары жайында жедел ақпарат тарату мақсатында барған ҚазАқпарат тілшісі жергілікті халықтың тыныс-тіршілігіне көз жүгірткен еді.

Суоми атауы қайдан шыққан?null

Сонымен, финдер өз елдерін «Суоми» деп атайды. Ал «Финляндия» атауы көне скандинавияның   «fin» - аңшы және шведтің «land» жер, ел деген сөздерінен құралғаны белгілі. Суоми атауы сонау ХІІ ғасырдағы жылнамаларда кездеседі. Оның шығу төркініне қатысты бірқатар нұсқалар да бар екен. Соның біріне сәйкес, бағзы заманда Suomamaa деген жер болған. Фин тілінде suoma «батпақ» және maa  «жер» деген сөздерден құралған. Яғни, батпақты жер деген мағынаға келеді. Расында да әуеден қарағанда фин жерінің басым бөлігін шағын-шағын жүздеген мың көлшіктердің алып жатқанын байқау қиын емес. Бізді де тұманы торлаған ел күтіп алған еді.  

Қымбатшылық қалтаңызды қағадыnull

Жалпы, фин халқы бақуатты, бірақ үнемшіл. Барын бағалай біледі. Мүмкін оған Еуропа елдеріне тән қымбатшылық та әсерін тигізген шығар. Мәселен, бір бөлке нан теңгеге шаққанда 500, жарты литрлік бөтелкедегі ауыз суы 400 теңге шамасында. Әрине, халықтың жалақысы жоғары. Бірақ, бұл жерде қолын қимылдатқанының бәрі ақша. Ол жағынан алғанда жалақының жоғарылығын да ұмытуға тура келетін тәрізді. Айталық, костюмыңыздың жеңін не болмаса шалбарыңыздың балағын қысқартамын десеңіз, дәл осы қызметі үшін жарты сағатқа жетер-жетпес уақытын шығындайтын тігіншінің қолына шамамен 30 мың теңге ұстатуыңызға тура келеді. Бұл орайда ескерерлігі сапа маңызды емес, ең бастысы, сіздің тапсырысыңыздың орындалуы ғана. Ал тігінші сіздің киіміңіздің кем кетігін жөндеу үшін одан да көп уақыт жұмсар болса, онда төлейтін қаражатыңыздың мөлшері де арта түседі.null

Финляндияда табысқа салынатын салық та тым жоғары, бұл шамамен 40 пайызға жуықтайды екен. Жанармай бағасы да әлдеқайда қымбат. Литрі теңгеге шаққанда шамамен 700 теңгеге шығады. Сондықтан болар, әйтеуір, қала көшелерінде біздегідей бензинді суша сіміретін дөңкиген джип көліктері көзге шалына бермейді. Негізінен жанармайды үнемді жағатын шағын көліктер ғана қала көшелерінде жүйткиді. Көшелері де тар. Бірақ осыншама тар көшелердің салдарынан жол бойында кептеліп тұрған көліктерді де байқамайсың.

Білім берудің әлемдік көшбасшысы

Бүгінде Финляндияның бастауыш білім беруі әлемдегі ең үздік жүйе саналады. Жоғары білім беру сапасы бойынша да әлемдегі үздік үштікті түйіндеп тұр. Сондықтан болар фин елі дүние жүзіндегі  ең білімді елдердің рейтингінде көш басында. Бір қызығы, финдер шетелдіктерге де өздерінің  жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіншілігін жасап қойған. Оның қызығын бүгінде қытайлық студенттер көріп жатыр. Қазақстаннан да келіп білім алып жатқан жастардың қарасы қалың.  

Тағы бір ерекшелік - Финляндия халық денсаулығына да мейлінше назар аударады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау үйымының дерегінше, Финляндия әлемде ана өлімі ең төмен елдер қатарында (Грекия, Исландия және Польша елдерімен бірге). Сондай-ақ обыр салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші бойынша Еуропада екінші орынға тұрақтаған.null

Қазақта «Ауру астан» деген сөз бар. Дәл осы сөз - фин кәсіпкерлерінің бұлжытпай орындап, қатаң ұстанатын қағидаты іспетті. Жергілікті халық та фин өндірушілері азық-түліктің құрамын жазғанда тек шындықты көрсетеді деп имандай сенеді.

Финдар «таза су - денсаулық кепілі» деп біледі. Сондықтан үйде, қонақүйлерде, кез келген мекеме ғимаратында орталық жүйе арқылы келіп тұрған су әлем бойынша ең сапалы, таза болып есептеледі. Финдар ауыз суына барынша назар аударады, олар пластик бөтелкелерді пайдаланбауға тырысады.  Себебі пластик бөтелкенің құрамында «бисфенол А» деп аталатын химиялық зат бар.  Дәл осы химиялық зат ағзаның иммундық қызметінің өзгеруіне, диабет, семіздік, сүт безі обырына себепкер болуы мүмкін. Пластик бөтелкенің мұнан да өзге зияндары тұстары бар екендігі белгілі.

Соңғы жаңалықтар