«Сұңқар» трамплин кешені барлық техникалық стандарттарға сай келеді - Х.Тильман

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Сұңқар» халықаралық трамплин кешені барлық техникалық стандарттарға сай келеді. Бұл туралы бүгін баспасөз конференциясы барысында FIS сайыстарының координаторы Хорст Тильман айтты.

«Солтүстік спорт түрлері бойынша FIS сайыстарының жастар арасындағы Әлем чемпионатын өткізу үшін «Сұңқар» трамплин кешенінде ұзындығы 7,5 шақырым болатын трасса салынды. Жаңа нысан қаланың спорт кластерінде өзінің елеулі орнын табары сөзсіз. Әрі ол барлық талаптар мен стандарттарға сәйкес келеді», - деді Хорст Тильман.

Ұйымдастырушылар сайыстың ойдағыдай өтетініне сенімді. Тек Алматыда орнаған жылы ауа райы қажетті көлемде қар қабатының болмауына әкелуде. Сайысты лайықты түрде өткізу үшін Алатаудың қарлы баурайынан арнайы қар тасымалданып, 8 шақырымға төселген екен.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда жасөспірімдер арасында шаңғы жарысы түрлерінен Әлем чемпионаты ойындары басталды. Әлем чемпионатының салтанатты ашылуы бүгін Республика сарайы алдындағы Абай алаңында сағат 20.00-де өтеді.

Аламан жарысқа әлемнің 36 елінен 500-ге тарта спортшы қатысады. Бұл спорттық шараға 560 ерікті тартылған және әлемнің 30-дан астам БАҚ өкілі аккредитацияланған.

Дүбірлі дода 1 ақпаннан бастап ойынның соңғы күні - 8 ақпанға дейін 240 миллион көрермені бар «Еуроспорт» телеарнасында тікелей эфирден берілетін болады.

Соңғы жаңалықтар