Сұлтанов: Шикізаттық емес экспортты ұлғайту бойынша жүйелі ұсыныстар әзірленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шикізаттық емес экспортты ұлғайту бойынша жүйелі ұсыныстар әзірленеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және төлем балансын жақсарту қажеттігі туралы тапсырмасына да қысқаша тоқталғым келеді. Бірінші, «Экспорттық тәртіп» тәсілдерін енгізу жолымен шикізаттық емес экспортты ұлғайту бойынша жүйелі ұсыныстар әзірленеді. Жоғары білікті кадрларды, елде жаңа технологияларды шоғырландыру және халықаралық нарықта жаңа белсенді ойыншыларды өсіру үшін Оңтүстік-Шығыс Азия мен Шығыс Еуропаның тәжірибесі пайдаланылатын болады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, екіншіден, халықаралық қызметтер саудасы және трансшекаралық сауданы дамыту жұмысына көңіл бөлінеді. Бұл үшін министрлік қызметтер экспортын дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлейтін болады және Ұлттық банкпен бірлесіп олардың экспортын есепке алу әдістемесін қайта қарайды.

«Үшінші, жақын көршілес елдермен сауданы кеңейту жөніндегі жұмыс жалғасады. Сауда-экономикалық қатынастарды, өнеркәсіптік және инвестициялық кооперацияны одан әрі тереңдету Еуразиялық экономикалық одақ бойынша әріптестерге және Орталық Азиядағы жақын көршілерге бағытталатын болады», - деді Бақыт Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар