Сұлтанов министрліктің штатын қысқартуға қатысты өз ойын білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің кеңейтілген мәжілісінде Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков ұзақ уақыт бойы бос орындарды ұстап, жұмысқа адам алмай жатқан министрліктерді сынға алды. Осы орайда ол бірқатар мемлекеттік органдардың штатын қысқартуды ұсынды. Бүгін Үкімет отырысынан кейін ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осы ұсынысқа қатысты өз ойын білдірді.

Айта кетейік, Ә.Жақсыбековтың мәліметіне сәйкес, қаржы министрлігінде 970 қызмет орны бос тұрса, ұлттық экономика министрлігінде - 900-ден астам, ал ауыл шаруашылығы министрлігінде 280 қызметке әлі адам ала қоймаған. «Неге ол орындар бос тұр? Бәлкім, сол министрліктердің штатын қысқартамыз. Соның арқасында біраз ақшаны үнемдеуге болады», - деп атап көрсетті Президент Әкімшілігінің басшысы. 

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ондай вакансияларды ұстағанда жұмыс жағынан басқа қызметкерлерге салмақ түседі. Алайда министрлік бос вакансиялардың ақшасын пайдаланып, жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге сыйақы ретінде бере алады. «Енді, жүйенің өзі (министрліктің штаты - авт) үлкен ғой, 15 мың адам бар. Әрине, мамандардың келіп-кетуі жиі болып тұрады. Себебі аймақтарда жалақының көлемі аз», - дейді Б.Сұлтанов.

«Сонда министрлікті қысқарту қажет пе?» деген сұраққа ол: «Енді, қазір бізде тиісті міндеттемелер бар. Соның ішінде экспорттық бақылау, кедендік қадағалау және тағысын тағы. Бүгінде біз Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметін қайта қарап, функцияларын реттеп жатырмыз. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша оңтайландырудың бар-жоғын айта аламыз. Біз ондай талдау үнемі жасап отырамыз», - деп атап өтті министр.

Оның сөзіне қарағанда, аталған 970 бос жұмыс орындарының ішінде қазіргі штат бірлігімен қатар жаңа өзгерістер аясындағы қызметтер де бар.

Соңғы жаңалықтар