Сұлтанмәмет сұлтан мен Орта жүздің батырлары туралы кітап жарыққа шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты шығарған «Сұлтанмәмет Сұлтан: мемлекет қайраткері, дипломат және батыр» монографиясы мен «Орта жүздің сұлтандары мен батырлары» атты мұрағат материалдары жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сұлтанмәмет Сұлтан: мемлекет қайраткері, дипломат және батыр» монографиясында қазақ-жоңғар және қазақ-қалмақ соғысында ерлік көрсеткен Қыпшақ ұлысының басшысы, хан Абылайдың немере ағасы, үлкен хан Әбілмәмет ханның қайын атасы - Сұлтанмәметтің өмірі мен қайраткерлігі туралы баяндалады. Ертістің оң жағалауын қазақ халқына қайтарып алуда оның еңбегі зор. Ол хан Абылай қайтыс болғаннан кейін 1781 жылы жалпыхалықтық құрылтайда бүкіл қазақ тағын иеленген басты үміткерлердің бірі болды», - деді ҚазАқпарат тілшісіне тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, туындының авторы Зиябек Қабылдинов.
null

Оның айтуынша, Сұлтанмәмет 1710 жылы Түркістанда өмір есігін ашқан. 1794 жылы Абылай ханнан кейін 15 жылдан соң дүниеден өткен. Сұлтанмәмет Абылаймен бірге сол тұстағы алып империялар - Қытай мен Ресейге қарсы тұратын альянс құрады. Сонымен қатар, сұлтан Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Балқашта болған «Шаңды жорыққа» Ертіс өңірінен 50 мың қол жинап, шайқасқа аттандырған. 1771 жылғы шешуші шайқаста Сұлтанмәмет сұлтан Өріс, Иман және Қараш есімді ұлдарымен бірге жоңғарларды ойсырата жеңеді. Ұлдарының барлығы Ертіс өңіріндегі болыстарды басқарған.
null

«Шаңды жорық кезінде 1771 жылы сұлтан Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстан аумағында, яғни Орта жүзден 50 мың қолдан тұратын әскер жасақтайды. Бұл мәліметке архив құжаттары дәлел бола алады. Ол құжаттардың көшірмелері «Орта жүздің сұлтандары мен батырлары» архив материалдары жинағында жарияланды», - дейді Зиябек Қабылдинов.

Ресей бұл мәліметке сенбей, өздерінің өкілдерін осы жайтты тексеруге жібереді. Ақыры, солтүстік және шығыс өңірлердегі арғындар, керейлер, уақтар мен наймандар тұратын ауылдарда әйелдер мен балалар ғана қалғанын көреді. Яғни, атқа отыра алатын еркек кіндіктің бәрі де жорыққа аттанып кеткен. Алпыс жастағы сұлтан да жас батырлармен үзеңгілес соғыс жүргізеді.
null

1771 жылы қазіргі Павлодар облысының аумағына Барданес Фальктың экспедициясы келеді. Ол сұлтанға кіріп, қазақтардың жуырда Жоңғарияға шегінген Еділ қалмақтарына қарсы жорықтан келгенін біледі. Жиһангез өз еңбегінде сол тұстағы қазақтардың тұрмысын баян етеді. Оның естелігінде қазақтардың көптеп тұтқындар мен малды алып келгені жазылады.

«Ресей билігі сұлтанның ел ішіндегі абыройынан сескеніп, оны бірнеше рет тұтқынға алу амалын ойластырған. Алайда олардың қолынан тұтқындау келмейді. Абылай ханмен бірлесе отырып, Сұлтанмәмет қазақтардың бірлігін, қазақ жерін қорғайды. Еділ бойы мен Орталық Азиядағы халықтармен қазақтардың қарым-қатынасы туралы осы монографияда білуге болады», - дейді Зиябек Қабылдинов.

Ғалымның айтуына қарағанда, қазақ мемлекеттілігіне қатысты материалдардың көбі ресейлік архивте сақтаулы. Оларға жылдар бойы қол жетпей келген. Алайда соңғы 3-4 жылда ол құжаттардан «құпия» грифі алынды. Ресейлік архивтер ғалымдарымыз үшін маңызды құжаттарды ашып отыр. «Орта жүздің сұлтандары мен батырлары» атты мұрағат материалдары жинағында Омбы және Орынбор облыстарының тарихи архивтерінің материалдары басылды. Олардың ішінде Орта жүзден 50 мың әскердің жиылуы, үй салу және Абылай ханды тұтқындау амалдары туралы жазылған», - дейді ғалым.
null

Тұсаукесер барысында «Павлодарда қалпына келтірілген Сұлтанмәмет сұлтанның резиденциясы тарихи жоспар бойынша қайта жасалды ма?» деген сұрақ қойылды. Зиябек Қабылдиновтың айтуынша, бұл резиденция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тарихи маңызы бар нысандардың қатарына енгізілген. Жас ғалым Виталий Сирик біздің институттың «Ұлы даланың тарихы» жобасына атсалысқан. Орынбордағы архивтен ол сұлтанның үйінің жобасы мен құрылыс материалдарының тізімін тауып алған.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін біз өз тарихымызды түгендеу мүмкіндігіне ие болдық. Мемлекет басшысы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында біздің тарихты қалпына келтіру үшін тарихи құжаттарды тауып, елге әкелу маңызына тоқталған болатын», - дейді ғалым.
null

Айта кетерлігі, Сұлтанмәметтің толық есімі - Сұлтанмұхамет. Ресей архивтерінде Салтамает, Сұлтан Мамет ретінде кездеседі.

«Орта жүздің сұлтандары мен батырлары» атты мұрағат материалдары жинағына 373 құжат енді. Олардың көбі тұңғыш рет жарияланып отыр. Кітаптың тұсаукесері Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өткізілді.

null

Авторы: Гүлмира Байзақова

Соңғы жаңалықтар