Сұлтанәлі Балғабаев Тоқаевтың он маңызды бағыты туралы: Маманды сапалы даярлауға көңіл бөлінуі керек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Президенттің ұлықтау рәсімінде қойған міндеттерінің ішіндегі маңыздысы - жастарды тәрбиелеу шешімі кезек күттірмейтін мәселе. Ал бұл бағытта ұлт болашағына балта шабатын індеттерден арылу керек. Осындай пікірді Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, жазушы Сұлтанәлі Балғабаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сұлтанәлі Балғабаев ел басшылығына Қасым-Жомарт Тоқаевтың келгеніне қатысты да ойын білдірді. Оның пайымынша, бұл Қазақстанның даму дәрежесін бұрынғыдан да жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді.

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында біраз жылдар жұмыс істедім. Сол кезде байқағаным, ел басқарып отырған азаматтардың көбі шетелдегі жағдайды біле бермейді. Біз нарықтық экономикаға өткенде шетелдік жағдаймен салыстырғанда кенже қалып қойған едік. Сол кезде «бар салаға шет елді жақсы білетін адам келсе» деп армандайтынмын. Елбасының өзі Қасым-Жомарт Тоқаевқа орнын ұсынды, кейін халық оны сайлады. Сондықтан, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болып сайлануына байланысты Қазақстанның даму дәрежесі бұрынғыдан да жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Ең алдымен Тоқаев озық мемлекеттік басқаруды ұйымдастыру, нарыққа бейімдеуді жүргізу жағынан тәжірибесін жүзеге асырып, Қазақстанның дамуына ықпал етеді деп санаймын», - деді Сұлтанәлі Балғабаев.

Спикер Президенттің ұлықтау рәсімінде жариялаған 10 негізгі бағытқа да тоқталды. Бұл ретте Сұлтанәлі Балғабаев билікке келген Президенттің айқындаған бағдары дұрыс екенін атап өтеді.

«Президент ұлықтау рәсімінде 10 түрлі міндет алға қойды. Маған оның ішінде, жұмысыма, шығармашылығыма байланысты 8-і бағыт бойынша ойымды жеткізсем деп едім. «Рухани жаңғыру» құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс - мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады», - деді С. Балғабаев.

Сонымен қатар, ол ел болашағында жастардың үлкен рөл атқаратынын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта да қыруар жұмыстар атқарылуы тиіс.

«Өзім ұстаз болған соң 15 жыл бойы жастарды кино-драматургия саласында тәрбиелеп келемін. Қазірдің өзінде 5-6 шәкіртім, алды Әуезов театрында қойылым сахналап жүр. Осындай талантты жастарымыздың Қазақстанды жаңа деңгейге көтеруге шамасы бар. Әйтсе де, әлі әттеген-айымыз жоқ емес. Менің ойымша бүгінде мектептерде оқытуға көп көңіл бөлінеді де, ЖОО білім сапасына көп мән берілмейді. Мені ең алаңдататыны көптеген жекеменшік университеттердің ашылып алғаны. Ақша алып балаға тәрбие, білім бермейді. Сапасыз маман дайындайды. Жастардың көбі жұмыс таба алмай босып жүр. Жақында облыстан бір жігіт келді. Әншілікті оқыпты, бірақ нота білмейді. Облыстағы бір университетте ақшамен оқып, 4 жыл сабаққа бармаған. Осындай мәселелер ұлт болашағына балта шабатыны рас. Президенттің алға қойған міндетін орындау үшін ЖОО студенттеріне дұрыс білім беруге, оларды жұмыспен қамтуға, тәрбиелеуге көңіл бөлінсе, оған білім беретін ұстазды жауапкершершілігін айрықша қадағалау керек», - деді Сұлтанәлі Балғабаев.

Еске сала кетейік, 12 маусымда өткен ұлықтау рәсімі барысында Қасым-Жомарт Тоқаев он маңызды бағытын жариялаған болатын.

Соңғы жаңалықтар