АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Зәуірбектің (13-0, 9КО) келесі жекпе-жегінің датасы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әлеуметтік желідегі kazproboxing парақшасына сілтеме жасап.
Зәуірбектің жекпе-жегі 24 наурызда Ұлыбританияның Болтон қаласында өтеді. Қарсыласы – аргентиналық Факундо Арсе (15-9-2, 7КО).
Боксшылар кездесу алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Қазақстандық боксшының салмағы жартылай жеңіл ауырлық санатындағы лимиттен асқан жоқ.
Айта кетейік, Зәуірбек пен Арсе рингке Болтондағы бокс кешінің андеркардында шығады. Басты жекпе-жекте британдық Лайндон Артур (21-1, 15КО) мен аргентиналық Брайан Суарес (18-1, 17КО) IBO-ның жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионы титулын сарапқа салады.
Еске салайық, биылғы 19 ақпанда Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) барлық салмақ санаты бойынша жаңартылған рейтингіні жариялады. Оған сәйкес, Сұлтан Зәуірбек 11-ден 10-орынға көтерілді.