Сұлтан Қожахметов шахматтан мүгедек балалар арасында Азия чемпионы атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мүмкіндігі шектеулі балалар арасында шахматтан Азия чемпионатына аттанған қазақстандық Сұлтан Қожахметов Отанына алтын медаль алып келе жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сұлтан бала кезінен сөйлей алмайды. Бірақ, сөзден бұрын іспен спорттың интеллектуалдық түрі бойынша жетістікке жетіп отыр. Өткен жылы Сұлтан ел чемпионатында топ жарып, осы жеңісінен кейін Азия чемпионатында Қазақстанның намысын қорғау мүмкіндігіне ие болған.

«Сұлтан біздің «Ход конем» мектебінің шәкірті. Жуықта Қырғызстан елінде тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандар арасында чемпионат ұйымдастырылған. Ол сайысқа әлемнің 12 елінен шамамен 200-ге жуық шахматшы қатысқан еді. Ендігі кезекте, шахмат бойынша Еуропа мен Әлем чемпионатына баруды жоспарлап отырмыз. Сұлтан жеңісі арқылы спорт шеберіне үміткер атағын алып отыр», - дейді мектеп директоры Павел Юрков.

Сұлтанның ұстазы Юрий Валовтың айтуынша, шәкірті өте еңбекқор екен. Сонымен бірге, үйге жүктелген тапсырманы да бұлжытпай орындайды.

«Сұлтанның асқан талабы таудай жетістікке жеткізді. Адамның еріні арқылы сөзіңізді түсіне алады. Мен оған сұрақ қоямын, ол маған қағазға жазып жауап береді. Мен негізінен шәкірттерімді Голенищевтің әдісі бойынша оқытамын. Шынымды айтсам, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізу былайғы балалармен бірлесе еңбектенуден еш айырмашылығы жоқ. Екі жағдайда да баланың талабы болса болды», - дейді ұстазы.
null

Сұлтанның анасы Зәуренің айтуына қарағанда ұлы жақында ғана шахматты үйрене бастаған. Соған қарамастан екінің бірі жете бермейтін асуды бағындырған.

«Сұлтанның шахмат ойнай бастағанына бар-жоғы екі-ақ жыл болды. Шахмат мектебіне барумен бірге ол компьютерде де әрдайым осы ойыннан бас алмайды. Шыны керек, әу баста өзінің қалауымен үйреніп алған еді. Оның жеңіске деген құштарлығы зор», - дейді анасы.

Жас чемпион бүгін  сағат 16:08 кезінде Астанаға келеді. Ниет білдірушілер чемпионға құрмет көрсету үшін темір жол вокзалынан күтіп ала алады.

Соңғы жаңалықтар