Сүлейменов Қазақстанның ДЭФ рейтингіндегі көрсеткішін жақсарту жолдарын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингіндегі Қазақстанның көрсеткіштерін жақсарту үшін Үкімет қандай амалдар қарастырып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, кеше Дүниежүзілік экономикалық форум 2018-2019 жылдарға арналған Жаһандық бәсекеге қабілет индексінің жыл сайынғы рейтингін ресми түрде жариялаған болатын. Рейтинг есебіне сәйкес, 140 елдің ішінде Қазақстан 59-шы орын алып отыр. Рейтинг биыл жаңа формат бойынша есептелген. 70 пайызы жаңа индиктордан тұрады. Қазақстан көрсеткіштерінің төмендеуі 4 фактор бойынша орын алды. 3 фактор бойынша жайғасым өзгерген жоқ. Ал әлем бойынша Қазақстан корпоративтік басқару саласындағы акционерлік құқығы, тарату және қайта құрылымдау рәсімдерінде қолданылатын құқықтық базаның баламалығы мен тұтастығы, электрлендіру дәрежесі бойынша бірінші орын алған», - деді Тимур Сүлейменов бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жекелеген бәсекеге қабілет бағыттары бойынша артта қалмас үшін Үкімет бірқатар пәрменді шаралар қабылдап жатыр.

«Мәселен, Мемлекет басшысы өзінің соңғы Жолдауында «Тұрмыс сапасын арттыру» атты екінші міндеті аясында аталған салалардағы шығындардың тиімділігін арттыруға екпін бере отырып, білім беру мен денсаулық сақтауды мемлекеттік қолдауды кеңейтуге айрықша назар аударды. Инновациялық әлеуетті жақсарту мақсатында ҚР 2025 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы әзірленеді. Ал қаржылық жүйені жетілдіру үшін қаржы саласы мен борышкер кәсіпорындарды нақты сауықтыру, кешенді инфляцияға қарсы тиімді саясат жүргізу, ұзақмерзімді теңге несиелерінің нақты қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады», - деді ол.

Тимур Сүлейменов атап өткендей, көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады. Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік санкциялар мөлшерін ұлғайтуға қатысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Құқық қорғау органдарының жұмысын түбегейлі жақсарту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органын жаңғыртудың «Жол картасы» қабылданады. Ол халықпен жұмыс істеуде жаңа заманауи форматты енгізуді көздейді.

Еске сала кетсек, Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекелестік рейтингінде Қазақстан екі көрсеткіш бойынша бірінші орыннан көрінгенін кеше хабарлаған едік.

 

Соңғы жаңалықтар