Суицидке оқталған, сабақтан жиі қалатын және ойынқұмар балалардың дерекқоры құрылмақ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қолайсыз отбасыларда тұратын және тәуекел тобындағы кәмелетке толмағандардың республикалық дерекқоры құрылмақ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген балалардың құқығын қорғаудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қолайсыз отбасыларда тұратын, сондай-ақ отбасының цифрлық картасы шеңберінде балаларға қатысты өмірлік қиын жағдайдағы «тәуекел тобындағы» кәмелетке толмағандардың республикалық дерекқорын құру жөнінде ұсыныстар енгізіледі», - делінген құжатта.

Министрлік мәліметіне сай, мына санатқа енетін балалардың республикалық дерекқоры құрылмақ:

- бұрын зорлық-зомбылық қылмыстары үшін сотталған адамдармен бірге тұратындар;

- олардың денсаулығына, өміріне және жыныстық тұтастығына қол сұғатын қылмыстардың құрбандары;

- кәмелетке толмағандар саудасының құрбаны болған және заңсыз ұрланған немесе елден тыс жерлерге көшірілген;

- тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар, ата-аналары немесе оларды алмастыратын адамдар, қамқоршылар және басқа туыстары тарапынан қатыгездікке ұшырағандар;

- өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасағандар;

- жүктілігі бар немесе түсік жасағандар;

- құқық бұзушылықтар жасау салдарынан профилактикалық есепте тұрған, сондай-ақ қайыр сұраумен, қаңғыбастықпен жүйелі түрде айналысатындар;

- дәлелді себептерсіз сабақтан жиі қалатындар;

- ойынға тәуелділігі бар (лудомания) балалар.

Айта кетейік, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқығы мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар даяндалды. Оған сәйкес кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған зорлық-зомбылық фактілерін жасырған ата-ананы қылмыстық жауапкершілікке тарту ұсынысы да енгізілген.


Соңғы жаңалықтар