Суицид туралы ой оқушыда ҰБТ-ға дейін туындайды - шетелдік және отандық сарапшылар
2018 жылғы 20 қаңтар 20:41

Суицид туралы ой оқушыда ҰБТ-ға дейін туындайды - шетелдік және отандық сарапшылар

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид тақырыбына арналған екікүндік халықаралық конференция мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен халықаралық жиынға ҚР Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктері, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), «Bilim Foundation» қоғамдық қоры, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы, сондай-ақ педагог психологтар, шетелдік сарапшылар қатысты.

Мектеп оқушылары арасындағы суицид тақырыбы сөз болғанда Ұлттық бірыңғай тестілеуден кейін өз-өзіне қол салу фактілер аталады. ҰБТ-ға дайындық кезінде болашақ түлектермен психологтар да жұмыс жасайды. Алайда, Алматыдағы халықаралық жиынға қатысқан сарапшылар ҰБТ негізгі фактор емес екенін, оқушы суицид туралы ойын жасырып келіп, тестілеуді тек сылтау ететінін атап өтті.

Мәселен, Қазақстанда 6 жылдан бері суицид тақырыбында тренингтер өткізіп келе жатқан, Қызылордада басталған пилоттық жоба авторларының бірі атанған, италиялық профессор Марко Саркьяпоне баланың мінез-құлқына көбірек мән беру қажеттігін ескертті.

«ҰБТ-дан өте алмайтын балалар көп, оның бәрі суцид жасамайды ғой. Түсінесіздер ме? Сондықтан, ол - басты фактор емес. Суицид жасамақ болған балалармен сөйлескенде олар тесттен өтпей қалғаны үшін емес, оған дейін де болған сәтсіздіктер өлуге итермелегенін айтқан болатын. Яғни, балалар ҰБТ-ға дейін өлім туралы ойлап, оны жасырып келген. Мектепте балалар бір-бірін мазақтайды, әлімжеттік қылады. Мұны - буллизм дейді. Осының бәрі әсер етеді. Мектеп - оқушы үшін екінші отбасы. Онда адам балалық шағының маңызды бөлігін өткізеді. Сондықтан, мектеп суицид белгілерін танып білуге дайын болуы керек. Мұғалім балаларды оқытып қана қоймай, көңіл күйіне де мән беруі қажет. Оқушының физикалық, моральдық ахуалына, денсаулығына мұғалім жауапты емес. Дегенмен, балалармен жұмыс жасағаннан кейін, оларға кешенді қарау қажет болады», - дейді шетелдік сарапшы.

Қазақстан Үкіметі Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесе отырып, елімізде «Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу» бағдарламасын енгізген болатын. Жоба ілкі режімде 2015 жылдан бастап, Қызылорда облысында жүргізіле бастады. Жобаны жүзеге асыру үшін «Bilim Foundation» қоғамдық қоры арнайы құрылған болатын. Аталған қор жетекшісі Ерлан Айтмұхамбетов те Қазақстан ғалымдары ҰБТ-ны суицидке итермелейтін фактор ретінде қарастырмайтынын атап өтті.

«ҰБТ немесе интернеттегі қауіпті ойындар балаларды суицидке итермелейтін негізгі фактор деп айта алмаймыз. ҰБТ - суицидтің басты себебі емес. Тек, оқиғаға итермелеген себеп қана болуы мүмкін. Өйткені, суицидке барған бала оған дейінгі ниетін жасырып келгені кейін анықталып жатады. ҰБТ, жақын адамдармен араздасу, ажырасу секілді оқиғалар суицидке сылтау ғана. Яғни, өзіне қол жұмсайтын адамда өлім туралы ой бұрыннан бар, оны анықтау керек. ҰБТ бойынша қол жұмсаған фаткілер бар. ҰБТ-ға дейін де бала қиын жағдайда жүргенін ескеру керек», - дейді Ерлан Айтмұхамбетов.

Профессор Марко Саркьяпоне суицидке итермелеуі мүмкін бірнеше факторды атады:

«Суицидтің себептері көп. Бір ғана фактордың суицидтің басты себебі деп айта алмайсыз. Суицидтің психологиялық, биологиялық, әлеуметтік себептері бар. Бір адамның өзіне қол жұмсауға бел буғанын алдын ала білу қиын. Себебі, суицидке бел буған адам өзіне қол жұмсау туралы ойын ұзақ уақыт жысырып жүреді. Әрине, оның белгілері бар. Мысалы, баланың мінезі өзгере бастайды. Томаға тұйық болып, әр затқа қызығушылығын жоғалтады», - дейді ғалым.

Айта кетейік, аталған халықаралық конференцияның 19 қаңтарда өткен бөлімінде баяндама жасаған Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева елімізде былтыр өзіне қол салмақ болған 114 бала құтқарылғанын жеткізген болатын. Шетелдік мамандардың айтуынша, жыл сайын әлемдегі жасөспірімдердің 10% өз денесіне жарақат салады. Соның кесірінен 67 000 жасөспірім көз жұмады.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT