Сухуми университетінде Абай атындағы дәрісхана ашылды

None
None
ТБИЛИСИ. ҚазАқпарат - Тбилисидегі Сухуми мемлекеттік университетінде қазақтың ұлы ақыны, ойшылы және ағартушысы Абайдың дәрісханасы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның Грузиядағы Елшілігіне сілтеме жасап.

Дәрісхананың ашылу салтанатына Грузия мәдени және ғылыми орта өкілдері, жоғару оқу орнының оқытушылары мен студенттері, жергілікті журналистер қатысты.

Аталмыш аудитория ұлы ақынның мерейтойы шеңберіндегі іс-шаралардың бірі ретінде ҚР Грузиядағы Елшілігінің және Қазақстан-грузин мәдени-экономикалық бірлестігінің қолдауымен жабдықталған болатын. Ол Қазақстан туралы кітаптармен, мерзімдік басылымдармен, компьютерлік техникамен қамтылған.

ҚР Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бауыржан Мұхаметжанов өзінің сөзінде аталмыш дәрісхананы Қазақстанға ашылған «терезеге» теңей отырып, оның еліміз туралы ақпараттық орталыққа айналатынына сенім білдірді.

Салтанат барысында хәкім Абайдың өлеңдерін тұңғыш рет грузин тіліне аударған Грузия Жазушылар одағының төрайымы, белгілі грузин ақыны Маквала Гонашвилиге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты табыс етілді. Жиналғандар грузин оқырмандарының Абайдың мәңгілік мұрасымен өз ана тілінде танысу мүмкіндігі екі достас халықтар арасындағы өзара тартылыс пен түсіністікті тереңдете түсетініне сенім артты.


Соңғы жаңалықтар