Суға қатысты сараланған тарифті енгізу энергия үнемдеуді ынталандыратын болады - Н. Алдабергенов

None
None
АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Суды пайдалануға қатысты сараланған тарифті енгізу  энергия үнемдеуді ынталандыратын болады.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов осылай мәлім етті,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Агенттік төрағасының айтуынша, заң жобасымен су арналары мекемелерінің сараланған тарифтер бойынша міндетті түрде реттеу қызметін ұсыну жауапкершілігі бекітіледі. Бұл ретте реттеу қызметі суды тұтынудың мөлшерлеріне қарай енгізілетін болады. Осындай өзгерістердің қабылдануы су арналары  мекемелерінің табысын арттырып қана қоймай, түскен қаражаттарды желілерді жөндеуден өткізуге, жүйені жаңғыртып, дамытуға жағдай жасайды. Бұнымен қоса, сумен қамтамасыз ету саласының инвестициялық тартымдылығы да арта түседі деп болжанады.

«Заң жобасында ең алдымен суды тұтыну мөлшерімен байланысты болатын тарифті енгізу қарастырылып отыр. Бүгінгі қолданыстағы нормаларда қамтылған мөлшер жоғары болғандықтан, жұртшылық тарапынан да мекемелер тарапынан да суды ысырап етпей, оған қатысты қаражатты үнемдеу мүдделілігі көрінбей тұр.  Ал жаңа заң жобасында қамтылған норма тұтынушыларды суды үнемдеу арқылы қаражаттарын да үнемдеуге ынталандыратын болады. Бұл өз кезегінде энергияны үнемді пайдалануға септігін тигізеді», деді Н. Алдабергенов. Оның айтуынша, жаңа редакция бойынша жайлылығы жоғары жағдайды қалайтын тұтынушылар мен суды коммерциялық мақсатта пайдаланушылар қаражатты да көбірек төлейтін болады. 

Соңғы жаңалықтар