Суға батып бара жатқан әйелді құтқарған өскемендік полиция қатарына шақырылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында Ертіс өзеніне батып бара жатқан әйелді құтқарған 20 жастағы жігіт полиция қатарына шақырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция басқармасының бастығы Андрей Мула ерлік танытқан Артемге өз ризашылығын білдіріп, грамота мен естелік сыйлық табыстады.

«Батылдығың мен берік ұстанымың мақтауға тұрарлық. Келешекте сені полиция қатарынан көргіміз келеді», - деді өз сөзінде А.Мула.

Ал Артем «Бүркіт» арнайы жасағында қызмет еткісі келетіндігін жеткізді. Балалар үйінде тәрбиеленген ол бүгінде бір шаңырақтың иесі. Бос уақытында спортпен айналысқанды ұнатады. Әсіресе боксқа деген қызығушылығы жоғары.

«Суға батып бара жатқан әйелді көргенде қарап тұра алмадым. Бар ойым – оны тезірек құтқару болды. Менің орнымда кез келген адам солай істер еді. Шынымды айтсам, сол үшін Полиция басқармасының бастығынан марапат аламын деп еш ойламаппын», - деді жігіт.

Естеріңізге сала кетсек, кеше 1960 жылы туған қала тұрғыны өзеннен су алып жатқанда тайып кеткен. Өзенге құлап, 100 метрдей аққан ол бұтақтан ұстап қалып, көмекке шақырды.

«Сол маңайдан өтіп бара жатқан Артем мен оның жұбайы Вера жанұшыра айқайлаған дауысты естіген. Әйелдің ары қарай ағып кетуге шақ қалып тұрғанын көрген 20 жастағы жігіт еш ойланбастан өзенге секірді. Жүзіп жеткенмен оны жағаға шығара алмады. Бірақ сонда да әйел адамның күрткесінен ұстап, жан-жағына айқайлап көмек сұрады. Жіберсе оның әп-сәтте ағып кететіндігін түсінгендіктен қанша қиналса да шыдас берді. Бірнеше минуттан кейін полицейлер мен құтқарушылар келіп жетіп, оларды судан шығарып алды», - делінген Өскемен қалалық Полиция басқармасы таратқан ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар