Суға батып бара жатқан адамды қалай құтқару керек

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының ТЖД қызметкерлері суға батып бара жатқан адамды қалай дұрыс құтқару керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары суға батып бара жатқан адамға қалай дұрыс көмекке келу керектігін түсіндіріп берді.

Суға батып бара жатқан адамдардың 80 пайызынан астамы алғашқы минуттарда дұрыс көмек көрсетілсе ғана аман қалады. Әрине, сол жерде құтқарушылар мен дәрігерлер болса жақсы, бірақ адам сіздің көз алдыңызда батып кететін жағдайлар да болуы мүмкін. Егер дұрыс жүзе білсеңіз және өз қабілеттеріңізге сенімді болсаңыз мына ережелерді ескере отырып құтқаруға ұмтылған жөн:

- Батып бара жатқан адамға артқы жағынан жүзіп келуіңіз керек. Оны құшақтап алып, жағаға қарай жүзіңіз. Егер батып бара жатқан адам мойныңыздан немесе қолыңыздан ұстап алса - сүңгіп кетіңіз. Cол кезде ол инстинктивті түрде суда қалуға тырысады және сізді қармағынан босатады.

- Адам су астында 6 минутқа дейін болса, оны құтқаруға мүмкіндік бар. Адам жүрегі бірден тоқтап қалмайды. Судан шығарған кезде жүрек қызметі жанама жүрек массажын қажет етпейтіндей әлсіз болса да соғып тұрады. Сондықтан негізгі реанимациялық шаралар өкпені жасанды желдету болады.

- Тыныс алу жолдары мен асқазаннан су мен көбікті кетіру үшн тізені бүгіп суға батқан адамды асқазанымен тізеге жатқызу және кеудесін қысу арқылы жүзеге асырылады. Бұл әрекеттер бірнеше секунд болуы керек.

- Жоғарғы тыныс жолдарын босату: сұқ саусаққа дәке орап саусақпен ауызды судан, құсықтан тазартыңыз.

- Өкпені жасанды желдету келесідей жасалады - бір қол мойынның астына қойылады, екіншісі жәбірленушінің маңдайына қойылып, басын шалқайтады. Ауа шықпас үшін мұрынды қысу керек. Көмек көрсетуші зардап шегушінің аузын аузымен мықтап жауып, оның тыныс алу жолына дем береді.

- Егер зардап шеккен адамның тамыр соғысы сезілмесе, оны дереу шалқасынан жатқызып тікелей емес жүрек массажын бастаңыз. Зардап шегушіні қатты, тегіс бетке жатқызыңыз, білекті түзу ұстап адам денесіне перпендикуляр тұрып, кеуде ортасына 2 см жоғары қойыңыз. Массаж кезінде иық белдеуінің бүкіл салмағымен қысым жасау үшін қолды түзу созыңыз. Кеудеге массажды бастаңыз. Қысым жиілігі минутына – 100-120 рет. 30 рет қысым жасаған соң 2 рет тыныс алу жолына дем беру керек.


Соңғы жаңалықтар