Суға батқандардың 70% жуығы мас күйінде шомылған – Әлихан Смайылов

None
Фото: primeminister.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ауылдық жерлерде суға шомылуда қауіпсіздік мәселесіне аса мән берілмейтіндігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңір әкімдіктері Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, суға шомылу орындарымен және ондағы қауіпсіздікті күшейту жұмысын жүргізуі керек. Қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмысын халық арасында белсенді әрі кеңінен жүргізу қажет. Осы орайда профилактикалық жұмыстар негізінен қалалар мен аудандарда ғана жүргізіледі. Ауылдық жерлерде бұған көңіл бөлінбейді. Сол себепті де суға батқандардың басым көпшілігі, яғни 60-70% ауыл тұрғындары болып отыр. Халықты суға түсу бойынша қауіпсіздік талаптарын, алғашқы көмек көрсету ережелерін және рұқсат етілген жағажайлар туралы үздіксіз ақпараттандырып отыру қажет», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Премьер-Министр аталған жұмысты орындауда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атсалысуы қажеттігін айтты.

«Судағы қайғылы жағдайлардың көп бөлігі ішімдік ішу салдарынан болатынын атап өткен жөн. Суға батып қайтыс болғандардың 70% жуығы мас күйінде шомылғандар. Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осындай жағдайлардың алдын алу үшін тиісті жұмыстарды ұйымдастыруы қажет», - дейді Ә. Смайылов.

Бұған дейін Үкімет басшысы жағажайларда ішімдік ішуге тыйым салуды ұсынған еді.


Соңғы жаңалықтар