Суға батқан әйелді құтқарам деп мерт болған полицейге ескерткіш қою ұсынылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраулық еріктілер тобы қазіргі заманның батыры Шалқар Ақымғалиевтің құрметіне ескерткіш орнатуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өзгеге өмір сыйлау жолында өз өмірін құрбан еткен атыраулық полицей Шалқар Ақымғалиев бірінші сәуір күні жиырма бес жасқа толар еді. Жасындай жарқ етіп сөнген Шалқарға бұл мүшелді көру бұйырмады...

«Ақырғы нүктені Ақ Жайық қойған сол бір қайғылы түндегі оқиға жүректерден еш өшпек емес. Өмірінің соңына дейін Отан алдында адал болу жолындағы азаматтық антына берік болған Шалқардай батырды тәрбиелеп өсірген ата-анасына бас ие отырып, біз, атыраулық «Нұр Ай» қайырымдылық қорының еріктілері мынадай бастама көтереміз. Шалқар Ақымғалиевтің ерлігін мәңгілік ел есінде қалдыру үшін, оқиға орын алған тұстан марқұмға арналған мемориалдық тақта немесе ескерткіш бой көтеруі тиіс. Патриоттық рухтың, Отанға деген шынайы құрметтің қайталанбас үлгісін көрсеткен Шалқар Ақымғалиев ескерткіш болып елге оралуы тиіс. Себебі, бейбіт күннің батырының алдында біз мәңгілікке қарыздармыз...», делінген Атыраулық еріктілер таратқан үндеуде.

Еске салсақ, бұған дейін Атырауда полиция суға батқан әйелді құтқарам деп мерт болғанын хабарлаған едік. Қайғылы оқиға 21 наурыз күні кешкі сағат 21.52 шамасында Атырауда орын алған еді. Патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев суға батып бара жатқан әйелді құтқармақ болып, өзенге түседі. Алайда, полиция қызметкерінің батыл әрекеті оның өмірін үзді. Шалқар Ақымғалиевтің денесі оқиға орнындағы ағыстың төменгі бөлігінен табылып, жағалауға шығарылды.

Соңғы жаңалықтар