Судың тапшы ресурс екенін түсінуіміз керек – Астанада арнайы көрме ашылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада Нидерланд Корольдігі мен Тәжікстан Республикасының елшіліктері климаттың өзгеруі туралы ақпараттандыру мақсатында «Water=Life» көрмесін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Теңіз деңгейінің көтерілуі, Орталық Азияның көптеген бөліктеріне қауіп төндіретін құрғақшылық және күн райының қолайсыздығы жиілеп барады. Осы міндеттерді шешу үшін баршамызға бірлік пен ынтымақ қажет. Біз бірге адамдар мен экожүйелердің жаңа шындыққа бейімделу және климаттың өзгеруіне төзімділік қабілетін арттыра аламыз. Судың тапшы ресурс екенін түсінуіміз керек», - деді Нидерланд Корольдігінің елшісі Андре Карстенс Maqsut Narikbayev University-де өткен көрмеде.

Тәжікстан Республикасының елшісі Хайрулло Ибодзода Орталық Азия аймағы да БҰҰ Су конференциясына дайындыққа белсенді қатысып жатқанын атап өтті.

«Біздің елдеріміз жаһандық және халықаралық кездесулер аясында түрлі сессиялар, іс-шаралар, көрмелер ұйымдастырды. Бұл шаралардың нәтижесінде Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының шешімімен бекітілген БҰҰ Су конференциясына бірлескен мәлімдеме әзірленді», - деді ол.

«Water=Life» көрмесінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген фотосуретшілердің 19 үздік туындысын көруге болады, бұл жер шарындағы біздің экологиялық ізіміз туралы ойландырып, су мәселелерін жақсырақ түсінуге көмектеседі. Оның ішінде Тәжікстаннан келген 11 әдемі туындымен толықтырылып, фотосуреттер су ресурстарының ауқымы мен сұлулығы көрсетеді.

Көрменің ашылуына Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Испания елшілері және Украина істеріндегі уақытша сенім білдірілген өкіл қатысты. Сондай-ақ, ҚР Сыртқы істер министрлігі, Мемлекеттік қызмет академиясының өкілдері, Италия, Португалия, Франция елшіліктерінің дипломаттары және сарапшылар қатысты.

Өз кезегінде университеттің басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова бұл бастамаға себепкерлердің бірі болғанын ерекше мақтан тұтатынын айтты.

«Су адам денсаулығы, экономикалық даму және экологиялық тұрақтылық үшін өте маңызды. Оның жетіспеушілігі немесе ластануы бәрімізге ауыр зардаптар әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, біздің университет SDSN мүшесі ретінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының дамуын қолдайды», - деді А. Кәрібозова.


Соңғы жаңалықтар