Судың қоршауында қалған ауылдың қазіргі жағдайы қалай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Ескі Колутон ауылының жағдайы туралы айтып берді. Ол жерде 240 үй бар. Барлығы 715 адам тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде Ақмола облысы Астарахан ауданындағы Колутон өзенінің деңгейі төмендеп келеді. Бір тәуліктің ішінде су деңгейі 3 метр 77 сантиметрден 3 метр 62 сантиметрге дейін түсті. Бүгінде бірнеше үйдің ауласын басқан судың бәрі кетті.

«Ескі Колутонға баратын автомобиль жолын су басқан еді. Бұған дейін жолдың 700 метрі судың астында болса, қазір шамамен 40 метрі қалып отыр. Ал су деңгейі 60-70 сантиметрді құрайды. Ол жерде жолдың үстіңгі қабаты бұзылған. Сол себепті жол қозғалысы жабық», - деді В.Беккер елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет басшысының сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдар арнайы техниканы дайындап, бүгіннен бастап жол жөндеу жұмыстарына кіріседі.

«Жолдың шеткі жақтарын да су шайып кетті. Сондықтан, ол жерге де топырақты үйетін болады. Су деңгейі түскеннен кейін жолдың қалған бөлігі жөнделеді. Сөйтіп, Ескі Колутон аулына баратын жол да ашылады. Бұл жұмыстар шамамен 4 күн ішінде жасалады», - деп атап көрсетті В.Беккер.

Айта кетейік, осы аптаның басында комитет басшысы Астраxан ауданы бойынша бірнеше ауылда жағдайдың күрделі екенін жеткізген болатын. ТЖК баспасөз қызметінен хабарлағандай, 7 сәуір күні Астрахан ауданындағы Колутон өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ескі Колутон ауылындағы 20 ауланы су алып кеткен.

«Аулалардағы су деңгейі 30 сантиметр болып отыр. Бүгін болжам бойынша Колутон мен Ескі Колутонда су деңгейінің көтерілуі шырқау шегіне жетуі керек. Астрахан ауданындағы Колутон, Ескі Колутон және Ягодная ауылдары бойынша жағдай күрделі болып тұр. Ескі Колутон автокөлік байланысынан үзіліп қалды», - деген еді В.Беккер.

Соңғы жаңалықтар