Суды есепке алуды цифрландыруды қамтамасыз ету қажет – Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин өзен суларын үнемді пайдалануға қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әкімдер гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау жұмыстарын қамтамасыз етуі тиіс. Магистральдық арналарға қазіргі заманғы су үнемдеу технологияларын енгізуді және суды есепке алуды цифрландыруды қамтамасыз ету қажет.

Түркістан облысында іске асырылған магистральдық арнаны цифрландыру бойынша қанатқақты жобаны су шаруашылығының барлық негізгі нысандарына тарату керек», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, сумен қамтамасыз етілудің төмендеп бара жатқанын ескеріп, су алудың қолданыстағы лимиті аясында су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету керек.

«Сонымен қатар, Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында ылғалды көп қажет ететін дақыл – күріш, жоспардан артық егілген. Бұған жұмсалған елеулі су көлемін экономикалық тұрғыдан тиімдірек дақылдарды – көкөністер, жеміс-жидектер, рапс, соя өсіруге жұмсауға болар еді. Сондықтан әкімдіктер бекітілген егіс жоспарын қатаң ұстануы тиіс», - деді Премьер-Министр.

Осыған орай А. Мамин бірқатар тапсырмаларды жүктеді.

«Ауыл шаруашылығы, Экология, Сауда министрліктері ішкі қажеттіліктер мен егіс алаңының құрылымын әртараптандыру бойынша міндеттерді ескере отырып, ылғалды көп қажет ететін дақылдар егісін ауыстыру мәселесін әкімдермен пысықтасын. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағдарламасына енгізілуі керек», - деді ол.

Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес алдағы 20-30 жылда Орталық Азия елдерінде су тапшылығы өседі. Сондықтан су ресурстарын барлық мемлекеттердің мүдделерін ескеріп, тиімді пайдалану мәселесінің маңызы артып отыр.

«Осыған орай Экология министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, көрші мемлекеттердің салалық ведомстволарымен шекарааралық өзендерді өзара тиімді пайдалануды қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді тапсырамын», - деді Премьер-Министр.

«Экология және Ауыл шаруашылығы министрліктері әкімдіктермен бірге су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау, сонымен қатар су үнемдеу технологиялары мен суды есепке алудың цифрлық жүйелерін енгізу бойынша жобаларды іске асыру бойынша жұмысты жалғастырсын», - деді Асқар Мамин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет басшысы Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленгендігін мәлім еткен болатын.

Айта кетейік , бүгін Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты елімізде су үнемдеуші технологияларды енгізу қандай нәтиже беретінін айтты.



Соңғы жаңалықтар