Суданда қалған Қазақстан азаматтарының көбісі тау-кен саласында жұмыс істеп жүр

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Суданнан қауіпсіз жерге жеткізілген Қазақстан азаматтары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Судандағы қақтығыстың күшеюіне байланысты Қазақстанның Мысыр мен Эфиопиядағы елшіліктері және Джидда қаласындағы бас консулдығы Қазақстан азаматтарын аталған елден эвакуациялау мәселесін пысықтады. Бастапқыда Судандағы Қазақстанның үш азаматы туралы белгілі болған еді. Бұл туралы осыған дейін айттық. Жақында БАҚ-та ақпарат шыққаннан кейін, министрлікке тағы 14 азаматымыз хабарласты. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, жанжал шиеленіскенге дейін Судан аумағында Қазақстанның 17 азаматы бар екені белгілі болды. Олардың басым бөлігі жергілікті тау-кен компаниясында жұмыс істеп жатыр. Біраз бөлігі сондағы халықаралық ұйымдарда қызметте жүр», - деді А. Смадияров елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қазіргі кезде шетелдердің елшіліктерімен бірлесіп, Қазақстанның 6 азаматы жақын маңдағы елдер арқылы қауіпсіз жерге көшірілді. БҰҰ жүйесіндегі ЮНИСЕФ-те қызмет ететін Қазақстанның бір азаматы Иорданиядағы ЮНИСЕФ кампусына орналасты. Ал бір отандасымыз өз қалауы бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінде қалды. Қалған төрт Қазақстан азаматы елімізге келді.

«Енді қалған 11 азаматқа тоқталсақ, олар өздерінің қалауымен Суданда қалатынын айтты. Олардың 10-ы тау-кен компаниясында жұмыс істеп жатыр. Ал тағы бір азамат дәрігер ретінде ұйым құрамында жергілікті халыққа көмектесуге қалды. Сонымен қатар, қазақстандықтар жұмыс істейтін компания басшысымен де хабарластық. Ол басшының айтуынша, егер жағдай қиындаса, онда біздің азаматтар сол компания қызметкерлерімен бірге елден шығарылады», - деді ресми өкіл.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Қазақстанның бірқатар азаматы Судандағы қақтығыс аймағынан эвакуацияланды.

Биыл сәуір айында Суданда күш құрылымдары арасында қарулы қақтығыс басталды.


Соңғы жаңалықтар