Судағы қауіпсіздік шараларын күшейту керек – Әлихан Смайылов

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жауапты органдар бейбіт күнде азаматтарымыздың өзен-суға батып жатқанына қарап отырмау керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тағы бір маңызды мәселе – ол суға түсу, шомылу қауіпсіздік шаралары. Жауапты органдар бейбіт күнде азаматтарымыздың өзен-суға батып жатқанына қарап отырмау керек. Қазір шомылу маусымының қызған шағы. 1 маусымнан бері елімізде 140 адам суға кеткен, оның 49-ы бала. Былтырмен салыстырғанда адамдардың суға батуы 42 пайызға қысқарған. Сонда да, бұл көрсеткіш өте жоғары деп санаймын», - деді Ә. Смайылов.

Осы орайда Үкімет басшысы ел азаматтары балалар қауіпсіздігіне сақ болуы қажет екенін атап өтті.

«Біз қайғылы жағдайларға жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдауымыз керек. Төтенше жағдайлар, Экология министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп судағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, онда құтқарушылардың болуын бақылауды тапсырамын. Халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп, суға түсуге болмайтын жерлерді анық белгілеу қажет», - деді Премьер-Министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет басшысы ревакцинациялау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.


Фото: primeminister.kz


Соңғы жаңалықтар