Судьяны шешімін түсіндіруге міндеттеу қарастырылған -Заң жобасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Азаматтық процестік кодексінің жаңа жобасында сот ісін қарау сапасын арттыруға мүмкіндік қарастырылған. Бұл турады Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Нұрлан Қалқа айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жақында Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мақұлданды.

Басты мақсат – елімізде сот жүйесінің жаңа бағытта дамуына соны серпін беру, сот ісін цифрлық жүйеге көшіру, судьялардың шешім қабылдауда заң аясында әрі өз ұстанымына қарай әділетті тұжырым жасауына мүмкіндік беру, сот ісін қарау сапасын арттыру.

Заңның жаңа жобасында судьяның процестегі рөлін күшейту көзделінген. Оған себеп, бүгінде судьяның процестегі әрекеті тараптардың ұстанымдарына, олардың сотқа ұсынған дәлелдемелерінің жиынтығына байланысты болып отыр.

Көп жағдайда судья іс бойынша шындықты анықтауда өз тарапынан белсенділік танытпауы мүмкін. Тараптардың бірінен өтініш түспесе, судья өз еркімен тапсырма да бере алмайды. Ондай жағдайда әділеттілік зиян шегіп жатады. Сол себепті, әдетте, білікті заңгерлер қатысқан тарап жеңіп шығады.

Әрине, тараптардың бәсекелестігі мен сот алдындағы теңдігі туралы қағидатты ешкім жоққа шығара алмайды.

Бірақ, сот төрелігінің қағидаттары құқық субъектілерінің, яғни талап қоюшы мен жауапкердің мүдделері үшін қолданылуы тиіс.

Жобада сонымен қатар судьяларға қабылданған шешімдердің құқықтық салдарын тараптарға түсіндіру міндетін жүктеу қарастырылған.

Сот актісінің мәні мен мағынасын дұрыс, нақты түсіну сот процесіне қатысушылардың сеніміне негіз болары анық.

Алдағы уақытта аталған заң жобасы Сенатта пысықталатын болады.

Бір сөзбен айтсақ, жаңа АПК-ның қоғамға берер пайдасы мол.

Соңғы жаңалықтар