Судьялық кадрлар әлсіз болса, супер заңдар бізге көмектеспейді - Жақып Асанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Судьялық кадрлар әлсіз болса, онда ешқандай супер-заңдар бізге көмектеспейді. Бұл туралы елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші жалпы отырысында Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазіргі кезде "Сот әділдігі қашан нақты әділетті болады?", "Соттарда сыбайлас жемқорлық қашан жойылады?", "Соттардан біліксіз судьялар қашан кетеді" деп бізден сұрап жатады. Президент мырза, 2020 жыл біздегі сот әділдігінің сапалы серпілісінің бастауы болатынына сенімдіміз. Бұл сенімділік қандай тұжырымға негізделген? Маңызды алғышарттарды 2018 жылы Елбасы қалаған болатын", - деді Жақып Асанов.

Сонымен қатар Жоғарғы сот төрағасы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасының да маңызды ықпалы бар екенін атап өтті.

"Өткен 1,5 жылда барлық күш-жігер мен ресурстарды ондаған қанатқақты жобалар мен 17 заңдағы түзетулерге бағыттадық. Қазіргі кезде бұл жұмыс жоғары қарқын алып отыр. Алайда түбегейлі өзгерістер уақытты талап етеді. Объективті шектеулер мен судьялардың тәуелсіздігі, сот төрағаларының тәуелсіздігі бар. Соттарда басқару мен шешімдерді қабылдау жүйесі басқа құрылымдардан түбегейлі өзгеше. Кез келген меморганда өзгерістер бірінші басшының бұйрығымен орын алады. Судьяларда басшысы болмайды, әрқайсысы шешімді өзі шығарады. Сондықтан соттардың адами капиталын дамыту - бұл сот реформасының негізі. Егер де судьялық кардрлар әлсіз болса, онда ешқандай супер заңдар бізге көмектеспейді. Бұл проблеманы қалай шешу керек? Оның жауабы оңай, яғни судья мамандығын тартымды ету керек", - деді Жақып Асанов.

Осы орайда ол еңбекақының төмендігі, жұмыстағы шектен тыс жүктеме, судьяларды іріктеудегі кемшіліктер бұл салаға білікті мамандардың тартылуына кедергі болғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар