Судья лауазымына жарияланған конкурстағы бәсекелестік деңгейі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы аудандық соттардың судьясы лауазымына үміткерлер көп болды. Бұл туралы бүгін онлайн режимдегі баспасөз мәслихатында ҚР Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі Нұржан Жолдасбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір айта кетерлігі, сот жүйесіндегі бәсекелестік деңгейі соттың деңгейіне тікелей байланысты. Мәселен, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы аудандық соттардың судьясы лауазымына ең көп үміткер құжат тапсырған. Айталық, Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотының судьясы лауазымына жарияланған конкурсқа бір орынға 90 адам қатысты. Елорданың Сарыарқа аудандық соты мен Алматыдағы Бостандық аудандық сотындағы бос лауазымға 87 адам құжат тапсырды. Ал, шалғайдағы аудандық соттардың судьясы лауазымдарына өтініш тапсырғандар саны бірнеше есеге аз», - деді ол.

Белгілі болғандай, Маңғыстау облысындағы аудандық соттардағы бір орынға орташа есеппен 14 адам құжат тапсырды: Бейнеу аудандық сотындағы 1 орынға 15 адам өтініш берсе, Жаңаөзен қалалық сотындағы бір бос орынға 13 үміткер құжат тапсырған. Сонымен қатар, аз құрамдағы және шалғайдағы бірнеше соттарда бос тұрған 17 судья лауазымына бірде бір үміткер ниет танытқан жоқ.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жоғары Сот Кеңесі бірқатар судья лауазымдарына конкурстық іріктеуді аяқтады.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдан бері судья лауазымына үміткерлерді іріктеу жүйесі біртіндеп жетілдіріліп келеді. Қазіргі кезде бұл бірнеше кезеңнен тұратын, көпсатылы рәсім.

Конкурс Жоғары Сот Кеңесі жанындағы конкурстық іріктеу Комиссиясымен өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар