Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі фермерлер үшін тегін болады

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Агроөнеркәсіптік кешен саласында субсидиялаудың жаңа тетігі 2023 жылы енгізіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агроөнеркәсіп кешені дамуының тұрақтылығын сақтау мақсатында субсидиялаудың жаңа тетігін енгізуді 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстыру туралы шешім қабылданды», - деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, көкөністер мен қант қызылшасын өндіру мен өңдеу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға қосымша 8,3 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат заманауи суару жүйелерін сатып алуға, қажетті инфрақұрылымды тартуға жұмсалатын болады.

«Сондай-ақ ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаның ауқымын ұлғайту аясында өз бизнесін ашу және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің қызметін кеңейту мақсатында ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың тұрғындарына микрокредит беруге 40 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл ең кемінде 8 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді министр.

«Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі әзірленді, ол фермерлер үшін тегін болады және барлық негізгі мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланады. Жүйенің барлық іс-қимылдары автоматтандырылады, бұл субсидияларды бөлу және беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Жүйе Ақмола облысында пилоттық режимде тестілеуден өтіп, оның қорытындылары бойынша жүйені пысықтау жұмыстары аяқталып жатыр», - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында өңірлерге шығу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына келіп түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері талқыланып жатыр. Депутаттардың өңірлерге сапарлары барысында көтерілген екі мыңға жуық сұрақ Үкімет тарапынан жан-жақты сарапталып, қаралды.

Сондай-ақ отырыста Ербол Қарашөкеев көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын баяндады.

Азық-түлік келісімшарт корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген кредитпен қамтамасыз етілген. Бұл ретте, ағымдағы жылы форвардтық сатып алу көлемі 2 есеге артты.



Соңғы жаңалықтар