Субсидиялау бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе әзірленеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров АӨК-тің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері, өсімдік шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларын дамыту қорытындылары, фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздіктің жай-күйі, инвестициялар тарту және 2022 жылға арналған міндеттер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2,4% төмендеп, 7,4 трлн теңгені құрады. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі көрсетілген кезеңде 1,9% өсіп, 2,2 трлн теңге болған. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар ағымының тұрақты үрдісі сақталып отыр. Осылайша, инвестициялар көлемі 33,3% артып, 773,2 млрд теңге болды, азық-түлік өндірісі 3,1% өсіп, 114,4 млрд теңгені құрады», - деп атап өтті бірінші вице-министр ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, саланы мемлекеттік қолдау жүйесін түзету бойынша ұсыныстар әзірленді, олар биылғы наурыз айында ұсынылатын болады. Ветеринария жүйесін реформалау жүргізіліп жатыр, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң әзірленді, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті мөлшерлерін айқындау бойынша жұмыс басталды.

Айдарбек Сапаров субсидиялаудың жаңа жүйесіндегі басты жаңалықтардың бірі – оны цифрлық форматқа ауыстыру болатынын, бүгінде субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірлеу аяқталатынын атап өтті.

«Оның негізгі қызметі – автоматты режимде субсидия алушылардың тізілімін қалыптастыру, олардың ЭҚЖЖ бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер санатына сәйкестігін тексеру, субсидия алушылардың қарсы міндеттемелерін тіркеу және олардың орындалу дәрежесін, субсидия алу кезегі мен қанағаттандырылмаған өтінімдерді күту парағын бағалау болады», - деп бірінші вице-министр.

Бұл жүйе фермерлер үшін тегін болады және барлық негізгі мемлекеттік дерекқорлармен біріктіріледі. Жүйенің барлық іс-қимылдары автоматтандырылып, бұл субсидияларды бөлу және беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Министрліктің хабарлауынша, биылғы көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу мақсатында жұмысты үйлестіру жөніндегі жедел штаб құрылды, «Кең дала» бағдарламасы арқылы АШТӨ-ге жеңілдікпен кредит беруге 70 млрд теңге бөлінді, ал азық-түлік корпорациясын форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд теңге бағытталады, бұл өткен жылғы деңгейден 2 есеге артық.


Соңғы жаңалықтар