Субсидия саясаты, жайылым дауы, ветеринарлардың айлығы: Министрліктің алқа мәжілісінде не айтылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығындағы импорттың үлесін азайту үшін Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бүкіл өңірлерге таратылмақ. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде осындай жоспарын бөлісті. ҚазАқпарат аталған жиында бұдан басқа қандай маңызды мәселелер көтерілгеніне шолу ұсынады.

Жер лимиті жайылым мәселесін шеше ме?

Әлем бойынша жерінің көлемінен 9 орында, халқының саны жағынан 62 орында тұрған Қазақстанда жайылымның тапшы болуы нонсенс екені талайдан бері айтылып жүр. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл парадоксты ретке келтіру үшін бір азаматтың және бір заңды тұлғаның иелігінде болуы мүмкін алқаптың шекті көлемін белгілеп отыр. Ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде вице-министр Әбілхайыр Тамабек сол лимиттердің көлемін атады.

«Биылғы 11 қаңтарда Үкімет жер пайдалану құқығы бір қолда болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін бекіту туралы қаулы жобасын мақұлдады.

Республика бойынша орта есеппен, табиғи-климаттық жағдайларға байланысты шаруа және фермер қожалықтары үшін ауыл шаруашылығы алқаптарының шекті (ең жоғары) мөлшері 35 мың гектар, заңды тұлғалар үшін – 51 мың гектар мөлшерінде белгіленген. Бұл ретте осы норма енгізілгенге дейін берілген жерлер бойынша тиісті талдау жүргізіледі», - деді вице-министр.

Ал жазда тіпті бұзау жаюға жер таппай отырған ауылдардың мәселесін жер түгендеу жұмыстары шешуге тиіс.

«Жер инспекциясының жұмысын күшейту есебінен Мемлекет басшысының 2022 жылдың соңына дейін пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген 5 млн гектардан кем емес жерді қайтару жөніндегі тапсырмасы мерзімінен бұрын орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда тексерулер саны 9 есе, ал тексерумен қамтылған аумақ 21 есе өсті», - деді Әбілхайыр Тамабек.

Оның сөзіне қарағанда, аталған жер түгендеу жұмыстары жерді игеру жұмыстарының жандануына түрткі болған.

«Халық малын жаю үшін жайылым тапшылығы проблемасын шешу үшін шаралар қабылдануда.

Бірінші кезекте ауылдық елді мекендердің шекаралары мемлекетке қайтарылған жайылымдық алқаптар мен жерлер, сондай-ақ мемлекет мұқтажы үшін алынған жерлер есебінен кеңейтіледі. Ауыл шаруашылығы құрылымдарымен олардың жайылымдарын жеке қосалқы шаруашылықтардың уақытша пайдалануы туралы меморандумдар жасалады. Жайылымдарды басқару жөніндегі іс-шаралар шеңберінде оларға босалқы жерлерден жайылымдық алқаптар бере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясы бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді министрдің орынбасары.

Субсидия саясаты және санкция

Биыл ауыл шаруашылығында субсидияның 10 түрі жойылады. Мұндай шара Президентітң тапсырмасынан туындап отырған көрінеді. Соның аясында министрлік тиімділігі төмен әрі жемқорлыққа бейім субсидия түрлерін іріктеп алған.

«Жалпы, тиімділігі төмен және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары субсидиялардың 10-ға жуық кіші түрі жойылады.

Жалпы, Субсидиялау қағидаларының барлық жаңа жобалары бүгінгі күні мемлекеттік органдарда келісу рәсімін өтуде және жақын арада бекітіледі», - дейді Әбілхайыр Тамабек.

Сонымен қатар, биылдан бастап барлық субсидиялар жалпы сипаттағы трансферттермен жергілікті бюджеттер базасына берілген. Жалпы 2023-2025 жылдарға арналған мемлекеттік қолдау көлемі шамамен 400 млрд теңге болмақ. Министр Ербол Қарашөкеев өңірлердің бұл қаражатты игерудегі жауапкершілігі санкция салу тетігі арқылы күшейтілетінін атап өтті.

«Егер агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға бағытталған қаражат, қандай да бір өңірде басқа мақсаттарға берілсе, онда субсидияға қосымша қажеттілік пайда болған кезде айыппұл санкциясы ретінде қаражат республикалық бюджеттен бөлінбейді», - дейді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, министрлік жылыжай қожалықтарының қыстағы шығындарын жеңілдету үшін субсидиялардың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Субсидиялау мәселесін де қосымша қарау керек. Жылыжайларға төленетін субсидиялардың көлемін арттырудың мүмкіндігін қараймыз. Газ тарифінің мәселесі де бар. Өз ұсыныстарымызды Үкіметке енгіздік», - деді министр.

Биыл ветеринарлардың айлығы ішінара өседі. Нақтырақ айтсақ, патогендігі I және II топтардағы биологиялық агенттермен жұмыс істеген ветеринарларға 35% және 50% мөлшерінде қосымша төлемдер, екі лауазымдық айлық мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленбек.

Алқаптар құрылымы өзгереді

Мамыр айынан бастап елдегі ет экспорттаушы өңірлердің қатарына солтүстік, батыс және орталық облыстардың фермерлері де қосылуы мүмкін. Бұл үшін Халықаралық эпизоотикалық бюро Қазақстанды аусылдан таза мемлекет ретінде танылуы керек.

Алдағы жеті жылда ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту үшін 1 трлн теңге көлемінде шағын несие беру жоспарланған. Сол арқылы 350 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, миллионнан астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша фермерлерге азық-түлік өндіруге 4 пайыздық несие берілмек.

Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша 2023 жылы 23,2 миллион гектар алқапқа дән себілуі керек. Бірақ оның құрылымына бірқатар өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

«Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдарын 171,3 мың гектарға және қант қызылшасын 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Сондай-ақ, көкөніс және бақша дақылдарының 10,2 мың гектарға артуы болжануда», - дейді министр Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, биыл күріш пен мақтадан бөлек, бірнеше майлы дақылдың алқабында қысқарту жоспарланып отыр.

«Ылғалды көп қажет ететін дақылдарға келетін болсақ, биыл мақта алаңын өткен жылмен салыстырғанда 13,8 мың гектарға азайту жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде ол 112,5 мың гектар болады.

Үкіметтің суды көп қажет ететін дақылдар алаңын азайту жөніндегі тапсырмасына қарамастан, күріш алаңдарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 9,9 мың гектарға ұлғайған.

Осыған байланысты, Қызылорда және Түркістан облыстарының әкімдіктері бұл мәселені бақылауда ұстауы қажет. Майлы дақылдар бойынша да алаңды 191 мың гектарға азайту жоспарлануда. Бұл мақсары зығыр және қыша сияқты дақылдар», - деді министр.

Сондай-ақ, ол форвардтық қаржыландыру тәсілі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірісінде қалай қолданылатынын түсіндірді.

«2023 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдерін жеткізуге форвардтық қаржыландырудың жаңа тәсілі 3 кезеңде енгізіледі. Бірінші кезең күзгі және ерте пісетін көкөністерді форвардтық сатып алуды және кейін осы алынған көкөністі маусымаралық кезеңде нарыққа жеткізуді қамтиды. Бұл көкөніс бағасының ең жоғары өсімі қыстың аяғында және көктемде болуына байланысты», - деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, бұдан былай егін жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін көкөніс өндірісі бір жыл бұрын қаржыландырылады.

«Яғни, келесі жылдың ерте пісетін көкөніс өнімін алу үшін қаржы жылының 1 тамызына дейін, ал келесі жылдың күзінде пісетін көкөніс өнімін алу үшін 1 қыркүйекке дейін қаржыландырылады», - деп түсіндірді министр.

Аталған тәсілдің екінші кезеңінде шикізат сатып алу үшін өңдеуші кәсіпорындарының айналым қаражатын қаржыландыру көзделген.

«Бүгінгі таңда Сауда және интеграция министрлігі өңірлер мен қант зауыттары арасындағы меморандум аясында қант зауыттарының айналым қаражатын қаржыландырып жатыр. Сондай-ақ, қарақұмық, күріш және күнбағыс өндірушілерін өңдеуші кәсіпорындар арқылы форвардтық қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр. Оны енгізу 2023 жылғы наурызға жоспарланып отыр. Үшінші кезең арзандатылған астықты мемлекеттік қолдау және өткізу тетіктері арқылы қаржыландыруға бағытталады. Оны енгізу 2023 жылдың маусым айына жоспарланған», - деді Ербол Қарашөкеев.


Соңғы жаңалықтар