Субсидия қаражатын дұрыс игермеген өңірлерге санкция салынады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылдан бастап ауыл шаруашылығындағы субсидияны игеру ережесі қатаңдайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылдан бастап барлық субсидиялар жалпы сипаттағы трансферттермен жергілікті бюджеттер базасына берілгенін атап өткім келеді. 2023-2025 жылдарға арналған мемлекеттік қолдау көлемі шамамен 400 млрд теңгеге жеткізілді. Облыс әкімдіктері агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға бюджет қаражатының ең төмен көлемін бөлуді қамтамасыз етуі қажет», - деді министр.

Бұл ереже бойынша, өңірлер субсдияның қаражатын мақсатына сай қолданбаса арнайы санкция салынады.

«Егер агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға бағытталған қаражат, қандай да бір өңірде басқа мақсаттарға берілсе, онда субсидияға қосымша қажеттілік пайда болған кезде айыппұл санкциясы ретінде қаражат республикалық бюджеттен бөлінбейді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын Мемлекет басшысының жаңа тапсырмаларын, заман өзгерістерін ескере отырып өзектендіру жұмысы жүріп жатыр», - деп түйіндеді Ербол Қарашөкеев.


Соңғы жаңалықтар