Субсидия алған шаруаларға азық-түлік бойынша жауапкершілік жүктелмеген - сенатор

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Сенатор Ақылбек Күрішбаев Қазақстанның аграрлық саладағы ғылымына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз азық-түлік нарығындағы қалыптасқан жағдайдың күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен, аграрлық держава бола тұра, ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін экспорттаушы әлемдік 10 мемлекеттің қатарына кіре отырып, азық-түлік инфляциясының деңгейі бойынша көптеген елдердің алдында тұрғанымыз сын көтермейді. Бұл - салада жүйелі проблемалардың бар екендігін көрсетеді. Сенат депутаттары егін жинау бойынша статистикалық мәліметтердің, азық-түлікті тұтынудың қабылданған физиологиялық нормаларының шынайы жағдайға сәйкес келмейтініне бірнеше рет Үкімет назарын аударған болатын», - деді А. Күрішбаев.

Сонымен қатар ол мемлекеттен субсидия алып отырған отандық шаруаларға ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде ешқандай жауапкершілік жүктелмейтінін айтты.

«Басқа аграрлық елдерге қарағанда, бізде азық-түлік кластерлері дамымаған. Азық-түлік инфляциясының себептерін импорттық тауарларының қымбаттауымен түсіндіреміз. Шын мәнінде, бұл әрдайым солай бола бермейді. Мәселен, көршілерімізде біздің басты дақылымыз – бидайдан бастап, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көптеген түрлерінің өзіндік құны төмен. Неге бұлай? Себебі біз аграрлық саланы ғылыми қамтамасыз ету бойынша олардан едәуір артта қалып отырмыз. Бір мысал келтірейін, соңғы 15 жыл ішінде Ресейде жаздық бидайдың өнімділігі 30% - ға өсті, ал бізде тек 15%, яғни екі есе аз», - деді сенатор.

Бұдан бөлек депутат еліміз ауыл шаруашылығы өндірісіне қажетті технологияның негізгі бөлігін шетелден сатып алатынын айтты.

«Қазіргі кезде бидай сорттарының 60-70%-ын, ал бірқатар дақылдар бойынша 100%-ын өзге елдерден әкелетін жағдайға келдік. Ашығын айтсақ, егер Ресей тұқым экспортына тыйым салса, Солтүстік Қазақстан сұрыптық материалсыз қалады. Қазір Қазақстанның аграрлық ғылымы әбден құлдырап кетті. Былтыр аграрлық ғылыми зерттеу институттары бюджеттік қаржыны тек қыркүйекте (яғни, 8 айдан кейін) алды. Ал биыл ғалымдар мамыр айының соңына дейін жалақысыз отырды. Кезінде шетелдік әріптестермен бірлесіп, әлемдік үздік тәжірибені ескере отырып, Шортандыда халықаралық аграрлық-ғылыми орталықты және заманауи аграрлық-зерттеу университеттерін ұйымдастыру жобалары әзірленген болатын. Алайда олардың барлығы Үкіметтен қаржылық қолдау таппады. Бүгінде дүкендердегі тауарлардың бағаларына қарап біз мұндай саясаттың қайда әкелгенін көріп отырмыз», - деді А. Күрішбаев.


Соңғы жаңалықтар