Субарудың астында қалған 52 жастағы әйел жансақтау бөлімінде жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда дәрігерлер Subaru Tribeca  көлігінің астында қалған адамдардың хал-жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол апатынан 5 адам жапа шеккен болатын.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға орнында 4 жедел жәрдем бригадасы жұмыс жасаған.

«52 жастағы әйелдің жағдайы ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр. 29 жастағы және 53 жастағы әйелдердің жағдайы орташа деп бағаланып отыр. Олардың бірі - нейрохирургия, екіншісі травматология бөліміне жатқызылды», - деді баспасөз қызметінен.

Балаларға да қажетті медициналық көмек көрсетілді.

«Екі бала балаларға арналған шұғыл медициналық жәрдем беру орталығына жеткізілді. 4 жастағы бала нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Оның жағдайы орта дәрежеде. 10 жастағы баланы да мамандар тексеріп шықты. Оны жатқызуға қажеттілік болмаған соң  үйіне амбулаториялық ем алуға жіберілді».

Айта кету керек, жол оқиғасы бүгін болды. Subaru Tribeca көлігін жүргізіп келе жатқан жас қыз 5 жаяу жүргіншіні қағып кеткен еді.

Куәгерлердің айтуынша, Subaru Береговой көшесімен оңтүстік бағытқа қарай келе жатқан. Ол Жандосов көшесіне қарай оң жаққа бұрылған. Сол уақытта жолды кесіп өтіп бара жатқан үш әйелді, екі баланы басып кеткен. Балалардың жасы 4 пен 10 жас аралығында. Жаяу жүргіншілерді қағып кеткеннен кейін ол тұрақта тұрған Honda CR-V көлігін барып соққан. Жол апатынан көлік жүргізушісі зардап шеккен жоқ.

Соңғы жаңалықтар