Суармалы су шығынын азайту үшін не істелуде – министр жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2030 жылға дейін су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаң көлемі 750 мың гектарға жеткізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткендей, бүгінгі күні суармалы судың шығыны - 40 пайыз. Шығынды азайту үшін не жасалуда? Біріншіден, 6 785 шақырымнан астам суару желілерін қайта құру және салу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл су шығынын 40 пайыздан 17 пайызға дейін немесе жылына 1,5 млрд текше метрге дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында суды цифрландыру және есепке алуды жаппай енгізу жоспарлануда», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Мәселен, оның дерегінше, Түркістан облысындағы К-19 арнасында цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Тестілік режимде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің біріне төленгеннен 2 есе көп су жіберілгені анықталды. Оң нәтиже көрсеткен осы пилоттық жоба аясында бірнеше жылдар ішінде республикадағы басқа арналар да цифрландырылады.

«Қазіргі уақытта министрлік әкімдіктермен бірлесіп вегетациялық кезеңнің қорытындыларына талдау жүргізілуде. Оның нәтижелері бойынша әкімдіктерге суды аз тұтынатын дақылдарға көшу және ылғал үнемдеуші технологияларды енгізу бойынша тиісті ұсынымдар жіберілетін болады. 2030 жылға дейін су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңды қазіргі 220 мыңнан 750 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар