Су үнемдеуші технологияларды енгізу қандай нәтиже береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Егіс алқаптарында судың тапшылығы 11,7 текше шақырымды құрауы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылға қарай суармалы жер көлемін 2,2 млн гектарға дейін жеткізу міндетін қойғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейін суармалы жер көлемін үш миллион гектарға дейін жеткізуді тапсырды. Біздің есептеулерімізге сәйкес, су тұтынудың ағымдағы үрдісі 1,5 млн гектарға (13,3 км3) сақталса, болжамды тапшылық 2030 жылға қарай 11,7 текше шақырымды құрауы мүмкін. Осыған байланысты, қазірдің өзінде суды пайдалануды қысқарту бойынша шараларды жүзеге асыру қажет», - деді министр.

Оның айтуынша, су тапшылығын болдырмау мақсатында күріш егісін 29 мың гектарға, атап айтқанда Қызылорда (15 мың га), Алматы (10 мың га) және Түркістан (4 мың га) облыстарында азайту қажет. Бұл бір текше шақырым суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Екіншіден, кемінде 750 мың гектар алаңда суарудың су үнемдеуші технологияларын енгізуді жалғастыру керек. Бұл орташа алғанда 30%-ға дейін немесе 2,2 текше шақырым суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Үшіншіден, ұзындығы 6 мың шақырым суару желілерін қайта жаңарту және 119 негізгі магистралдық каналдарда цифрландыруды жаппай енгізу есебінен жылына 2 текше шақырым су үнемделеді. Осы қажеттіліктерге алдағы бес жылда республикалық бюджеттен және халықаралық қаржы ұйымдарынан 192 млрд теңге жұмсалатын болады», - деді Мырзағалиев.

Төртіншіден, 10 жыл ішінде 3,6 текше шақырым көлемінде су жинақтау үшін 39 жаңа су қоймасы салынады. Ол 70 елді мекен және 137 мың адам үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

«394 мың гектар жаңа суармалы жер су көзімен қамтамасыз етіледі. Бұл ауыл шаруашылығында 129 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бүгінде Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы жүргізілуде. 28 су қоймасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме және үш су қоймасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр», - деді ведомство басшысы.

Жоғарыда аталған іс-шараларды сәтті іске асырған жағдайда 8,8 текше шақырым суды қосымша шоғырландыруға мүмкіндік пайда болады. Ағымдағы лимиті он бес текше шақырым болатын пайдаланылатын суды ескерсек, қорытынды баланс 23,8 текше шақырымға тең болады.


Соңғы жаңалықтар