Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған қорға 3 млн теңге жиналды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасыларға арналған қор үш күнде 3 миллион теңге жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының әкімдігі мен қоғамдық ұйым әлеуметтік комисиия құрып, құрамына үкіметтік емес ұйым өкілдері мен журналистер кіргізілген болатын. Қазіргі уақытта комиссия отырысы кезінде құрылған «Қолғанат Ақтөбе» қорына 3 миллион теңгеден астам қаржы жиналды.

«Комиссия құрамының 70 пайыздан астамы қоғамдық ұйым өкілдері мен тілшілер. Тасқын су қайтып, адамдар үйлеріне оралған кезде комиссия әрқайысының үйіне барып, шығынды анықтайды. Таңертеңгі мәлімет бойынша қордың есепшотына 3 миллион теңгеге жуық ақша жиналды. Ал электрондық әмиянға 300 мың теңге түсті»,- деді қала әкімінің орынбасары Ләззат Оразбаева.

Айта кетейік, ақтөбеліктер алғашқы күннен бері су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасыларға заттар, қаржылай көмек көрсетіп жатыр. Қазіргі уақытта баспанасы суда қалған адамдар №9 орта мектепті паналап отыр.

«Қалада 7 мобильдік топ құрылды. Олар су тасқынының шығынын анықтайды. Ал әлеуметтік комиссия қорға жиналған қаржыны әзір ешкімге бермейді. Алдағы аптада жұмыс басталуы мүмкін. Сол кезде қаржы тең бөлінеді. Ал қайырымды жандар жеткізген азық-түлік, киім, жиһаздар мен құрылыс материалдары екі қоймаға сақталып тұр. Ол да мұқтаж адамдарға таратып беріледі»,- деді Ләззат Оразбаева.

Ақтөбеде өзендерде су деңгейі түсе бастады. Бүгін еш жерді су басқан жоқ. «Қазсушаруашылығы» РМК Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Бекзат Нәметовтың айтуынша, ең ірі Қарғалы,  Ақтөбе су қоймасы жабылып, суды өзендерге ағызу тоқтатылды. Су қоймалары қалыпты жұмыс тәртібіне көшті. 

Соңғы жаңалықтар