Су тасқынынан зардап шеккен семейлік 4 отбасы өтемақысыз қалды

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде су тасқынынан зардап шеккен 4 отбасыға өтемақы берілмеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Семейде көктемгі су тасқынынан Мирный, Затон, Пристань, Түйемойнақ аралы ауданы мен Бобровка саяжайындағы 300-ден аса үйді су басқан болатын. Бүгінде зардап шеккен тұрғындардың үйлері қалыпқа келтіріліп, баспаналарына оралған. Бірақ әлі 6 отбасы яғни, 15 адам жатақханада тұрып жатыр. Таяуда үйдегі жөндеу жұмыстары аяқталса, өз үйлеріне оралады.

Барлық тұрғындардың үйі мемлекет тарапынан бөлінген қаражатқа жөнделді. Үйлерді жөндеуге республикалық бюджеттен 371 млн теңге, ал жаңа баспаналар сатып алу үшін 58 млн теңге бөлінген болатын. Бүгінгі күні қалыпқа келтіруге бөлінген қаражаттың қалған 55 млн теңгесі игеріліп жатыр.

Алайда 4 отбасыға өтемақы берілмеді. Себебі, олар арнайы құрылған комиссияға қажетті құжаттарды жинап бермеген. 

«Өтемақысыз қалған отбасы мүшелері қажетті құжаттарды жинап өткізбеді. Себебі, ұзақ жылдар тұрып жатқан баспаналарына тиесілі құжаттары болмаған. Бірақ өтемақы төленбесе де, жергілікті билік баспанасыз қалдырмайды. Біз қайырымдылық қоры есебінен үйлеріне жөндеу жүргізіп береміз. Бірақ олар үйдің құжатын рәсімдеп бізге ұсынуы керек. Барлық іс қажетті құжаттармен жүзеге асырылады», - деді қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Светлана Заурбекова.

Сонымен қатар зардап шеккендерге тұрмыстық техника мен жиһаздар сатып алуға бюджеттен 22 млн теңге қарастырылған. Алайда қаржы болмаған соң енді «Асыл» және «Парыз» қайырымдылық қор есебінен сатып алынбақ. Қазір қорға ақша жинау жүріп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар