Су тасқынынан зардап шеккен Оразақ ауылында «Бірге қалаймыз» акциясы мәресіне жетуде - Ақмола облысы (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Республикалық «Үлкен ел - үлкен отбасы» жобасын жүзеге асыру аясында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Целиноград ауданы Оразақ ауылында қолға алынған «Бірге қалаймыз» акциясы мәресіне жетуде. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Аталған акцияның басты мақсаты - табиғат апатынан зардап шеккендерге көмек қолын созу арқылы қиын кезде ақмолалықтардың жұдырықтай жұмыла біле алатынын көрсету болды. Айта кетейік, шара барысында облыстың 17 ауданы мен 2 қаласынан келген құрылысшылар тасқын судан зардап шеккен Оразақ ауылының тұрғындары үшін салынып жатқан екі пәтерлі 100 үй мен 132 қора-қопсысын тұрғызуға елеулі үлес қосты. Игі шараға 250-ге жуық құрылысшы қатысты. Қазіргі кезде 6 ауданнан келген еріктілер жұмыс істеуде, қалған асарлықтар өз жұмыстарын абыроймен аяқтап, үйлеріне қайтты. Бурабай ауданынан барған Олег Тимофеев 6 шаруашылық құрылысты салуға көмектесті. «Жақын адамдарға көмектескеннен асқан шаруа жоқ. Тұрғындар қатты зардап шегіп, көп қиындықты бастарынан өткерді», - дейді Олег Тимофеев. Ал степногорлық Жәнібек Әбдірәсілов болса 2 үйді құрылысына атсалысып, қазір үшінші үйді тұрғызуда. Еске сала кетсек, құрылысшылардың барлығына еңбекақы төленуде. 1 қарашаға дейін екі пәтерлі 67 үй дайын болады. Қазірдің өзінде 42 үй пайдалануға беріліп, 92 отбасы баспаналы болды.

Соңғы жаңалықтар