Су тасқынынан зардап шеккен Оразақ ауылында 40 отбасына жаңа пәтер берілді - Ақмола облысы (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Целиноград ауданының Оразақ ауылында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 20 пәтер берілді. Бұл осы ауылда табиғат апатынан баспанасыз қалғандарға салынып жатқан екі пәтерлі 100 үйдің бір бөлігі ғана. Әлі 80 үйдің құрылысы қызу жүргізілуде.

Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Сергей Кулагин осынау салтанатты шараға қатысып, 20 үйдегі 40 отбасына жаңа пәтердің кілтін өз қолымен тапсырды.

«Табиғат апатынан зардап шеккендерге көмек көрсету бұл үлкен маңызды шаруа. Сондықтан мұндағы барлық іс-әрекет Елбасының бақылауында. Осынау қиын кезде дер кезінде қолұшын созған Үкіметке ақмолалықтар атынан алғысымды білдіремін. Зардап шеккендер үшін салынып жатқан үйлердің барлығы жақын күндері пайдалануға берілетін болады»,- деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Сонымен қатар, ол Ақмол және Қосшы ауылдарында екі-екіден 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Бұл үйлерді де тапсыратынын күн алыс емес.

Еске сала кетсек, биылғы жылғы көктемгі су тасқынынан Ақмола облысындағы бірқатар елді мекенді су шайып кетіп, халықты біраз әбігерге салғаны белгілі. Соның ішінде Целиноград ауданы ең көп зардап шекті. Аудан бойынша барлығы 300-ге жуық баспана жарамсыз болып қалса, оның 200-і Оразақ ауылындағы үйлер.

Қазіргі кезде табиғат апатының зардаптарын жою үшін қолға алынған ауылдағы абаттандырылған және инженерлік желілері бар екі пәтерлі жүз тұрғын үйдің құрылысы біртіндеп аяқталып, алғашқылары тапсырылуда. Мұндағы әр пәтердің көлемі 83,6 шаршы метр, 10 сотық жер аумағы қоршалып, шаруашылыққа қажетті қора-қопсысын да салу көзделген.

Соңғы жаңалықтар