Су тасқынына қарсы 10 мың адам мен 1,8 мың техника жұмылдырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тасқын кезеңінде «Қазәуеқұтқару» мекемесінің тікұшақтары қызмет көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдай министрлігінің төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы Рустамбек Әмрин осылай мәлім етті.

«Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында еріген қар суын сору, қорғау бөгендерін нығайту және топырақ салынған қаптарды төсеу, өзендердегі мұзды кесу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Су тасқыны жағдайын жедел бақылау үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰК» АҚ ғарыш мониторинг деректері пайдаланылады. Өзен бассейндерінің тасқынға қауіпті учаскелерінде аэровизуалды зерттеу тұрақты негізде жүргізіледі», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде.

Министрлік өкілінің айтуынша, тасқын маусымына өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің, ішкі істер органдарының, азаматтық қорғаныс және Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің жеке құрамынан 10 мыңнан астам адам мен 1,8 мыңнан астам техника жұмылдырылған.

«Су басу қаупі аз өңірлерден қосымша резервтік топтар жасақталды. Олардың жалпы саны 1047 адам, 121 техника, 47 жүзу құралы және 127 мотопомпа. Сондай-ақ Көкшетау техникалық институтының жиынтық жасағы мен «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтары жоғары дайындыққа келтірілді. Зардап шеккен халыққа палаталы лагерь орнату үшін ТЖМ жедел резервінің мүлкі мен техникасы дайындалды. Оларды жеткізу және орнату үшін күштер мен құралдар есебі жасалды», - деді Рустамбек Әмрин.


Соңғы жаңалықтар